Банк клиенттеріне қатысты алаяқтық жиілеп кетті – Үкімет басшысы
2022 жылғы 28 маусым 12:40

Банк клиенттеріне қатысты алаяқтық жиілеп кетті – Үкімет басшысы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың тұрмыс деңгейі мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болуына және олардың сапасына байланысты. Сондықтан, бұл салада сервисті үнемі жетілдіре отырып, азаматтарға ыңғайлы әрі сапалы қызметтерді ұсынудың маңызы өте зор.

Соңғы бір жылда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны 2 есеге жуық өсті. Электрондық форматтағы қызметтердің деңгейі 93% құрайды. Ал қызметтердің 66%-ын азаматтар кәдімгі смартфон арқылы алып отыр», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, азаматтың жеке басына қатысты 18 құжат түрі цифрлық форматта беріледі, яғни оларды қағаз жүзінде растаудың қажеті жоқ.

«Электрондық қызметтер мен базалардың интеграциясы азаматтардың өмірін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Олар мемлекеттік органдардың есігін тоздырып, қағазбастылыққа салынып, әуреге түспейді. Бұл жұмысты әрі қарай кеңейту қажет.

Сонымен қатар, елімізде электрондық форматтағы банктік қызмет түрлері жақсы дамып келеді. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін банк қосымшаларында мемлекеттік қызмет сервистері енгізілуде Оларда ең жоғары деңгейдегі заманауи қорғау тәсілдері, биометрия қолданылуда», - деді Премьер-Министр.

Дегенмен, Үкімет басшысы банк клиенттері үшін алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткеніне барынша назар аударып, клиенттердің деректерін қорғауды күшейтуді тапсырды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT