Банк борышкерлері туралы ақпарат бір жерге жинақталатын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің коммерциялық емес еншілес ұйымы болып табылатын «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ 1 қазаннан бастап операциялық қызметке кірісті. Бұл туралы ҚР Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кету керек, ендігі кезекте Мемлекеттік кредиттік бюро жеке тұлғалардың несие тарихы туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін болады.

Дербес кредит есебін алу үшін Алматы қаласы, Абай даңғылы, 10а, «A&F» бизнес орталығында орналасқан ұйымға келу керек. Биыл бастапқы өтініш бойынша есеп тегін ұсынылады.

Дербес кредиттік есеп несие тарихының субъектісі болып табылатын тұлғаның жеке деректерін, сонымен қатар оның қолданыстағы және аяқталған қарыз шарттары туралы түпкілікті ақпарат береді.

«Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-ға өз қарызгерлері туралы ақпаратты 36 екінші деңгейдегі банк, 56 микрокредиттік және микроқаржылық ұйым және банктік операциялардың бөлек түрлерін жүзеге асыратын 14 ұйым жеткізетін болады.

Аталған ұйым 2012 жылы 7 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының 2012 жылғы 4 шілдедегі №213 «Мемлекеттік кредиттік бюро» Акционерлік Қоғамын құруды мақұлдау туралы» қаулысының негізінде құрылды.

Соңғы жаңалықтар