Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мемлекеттік қолдау шараларының жеткіліксіздігі Қазақстанда балық шаруашылығын дамытуға кедергі болып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жүргізілген талдауға сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша балық азығына 407 млн теңге субсидия бөлінді. Субсидиялаудың жалпы көлемінің 81,5% немесе 332 млн теңгесі Түркістан облысына тиесілі. Бұл аймақ балық өндіру бойынша көшбасшы болып тұр. Басқаша айтқанда, бұл балық саласын дамытуға бөлінетін субсидиялау көлеміне тікелей тәуелді екенін білдіреді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр балық өсіруді субсидиялау үшін өңірлерге трансферт көлемін ұлғайтуды сұрады.

«Біз қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын қосымша субсидиялаумен кеңейту мәселесін пысықтадық.

Бірінші, субсидиялаудың жаңа түрлерін енгізу мәселесі. Екінші, тор ішінде балық өсіру шаруашылығын, сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар балық өсіру шаруашылығын, сондай-ақ қайта өңдеу жөніндегі кешендерді құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеу мәселесі. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктері бұл ұсыныстарды қолдады», - дейді ол.

Осы мәселелер бір жолға қойылса, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға, шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті.

«Бұдан басқа, шамамен 100 мың қосымша жұмыс орнын құруға және көбіне ауылдық жерлерде халық табысын арттыруға ықпал етеді», - дейді министр.

Еске сала кетсек, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгін Үкімет отырысында балық шаруашылығын дамытуға кедергі 3 проблеманы атады. Олардың алғашқысының шешімі ретінде су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеуді ұсынды. Екінші түйіткілді шешу үшін «Акваөсіру туралы» Заң қабылдау қажеттігін айтты. Министр атап өткен үшінші мәселе – салаға мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі.


Соңғы жаңалықтар