Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттен қолдау қажет – Азамат Самаратов

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі мыңнан астам көл бар, осылайша өңір су қоймаларының саны жөнінен елімізде алдыңғы орындарда тұр. Алайда бұл көлдердің тек 501-і ғана балық шаруашылығын дамытуға жарамды. Солардың 318-і бүгінде кәсіпкерлерге жалға берілген. ҚазАқпарат тілшісі өңірдегі 8 көлді алып, балық шаруашылығымен айналысып жатқан кәсіпкер Азамат Самаратовпен сұхбаттасып, бұл істің мән-жайын білген еді.

- Азамат, бұл кәсіпке бет қойғаныңызға неше жыл?

- Мен «Водолей2017» ЖШС бас директорымын, серіктестіктің меншігінде қазір облыс бойынша жалға алынған 8 су қоймасы бар. 2017 жылы алғашқы көлімізді жалға алдық. Су қоймалары М.Жұмабаев, Қызылжар және Жамбыл аудандарында орналасқан.

- Келісімшарттан қандай міндеттемелерді алып тастар едіңіз немесе қосуға болады?

- Көлді жалға алушыларға қойылатын барлық талаптар мен міндеттемелер көңілге қонымды, олардың барлығын орындауға болады. Қосып-аларым жоқ, ол біздің жұмысымызға еш кедергі келтірмейді.

- Көлді жалға беру мемлекетке тиімді, Сіз де пайдасын көресіз, ал сол көлдің маңында тұратын тұрғындар ше?

- Мемлекетке резервте тұрған барлық көлдерді жануарлар әлемін қолданушыларға жалға беру әрине тиімді, өйткені олар экономикалық жағынан тиімді болу үшін мақсатты түрде жұмыс істейді, су қоймаларына сұранысқа ие балықтардың түрін жіберіп, көбейтеді, сол үшін лимитке ақшасын, салығын төлейді. Яғни бұл көлдер иесіз және ешқандай пайда әкелмей жатпайды. Олар жұмыс істеп, табыс әкеледі. Одан шағын кәсіпкерлік те пайда көреді, бюджет те толығады.

Әрине, тұрғындар бұрыннан қалыптасқан жағдай бойынша елді мекен маңында орналасқан көлдерді өздерінікі санап келді. Олар отбасын асырау үшін кез-келген уақытта барып балығын аулайтын. Бірақ қазір мұндай көлдерде балықтың азайып бара жатқанын байқаймыз, ауыл тұрғындары қыста аэрация жүргізбейді, яғни, оттегімен байытпайды, салдарынан су жәндіктері көп жағдайда қыс-көктемде тұншығып, қырылады.

Сондай-ақ қазір кей тұрғындар мұндай көлдерді өз отбасын, туыстарын балықпен қамту үшін ғана емес, коммерциялық негізде пайдаланады. Олар рұқсат етілмеген ауларды құрады, үлкен көлемде балық аулап, оны қала базарларына апарып өткізеді, балықты өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерге тапсырады. Сондықтан әрине көлді жалға берген жағдайда олар наразылықтарын білдіреді.

Ал жалға алушы ғылыми-биологиялық негізге сүйенеді, ол көлде қанша мөлшерде, қай кезде балық аулауға болатынын біледі. Аулаған және сатқан балығы үшін мемлекетке салық төлейді. Ал тұрғындар аулағанын сатады, өткізеді, бірақ бір тиын салық төлемейді. Мемлекеттің меншігі саналатын балық ресурсы сәйкесінше азаяды.

- Мал шаруашылығына, егіншілікке мемлекеттен субсидия бар, балық шаруашылығына осындай қолдау көрсетіледі ме?

- Ия, өсімдік, мал шаруашылығына жыл сайын млн-даған теңге субсидия беріледі. Барлық талаптары жазылған, оны бәрі біліп, қолданады. Балық саласында ондай жоқ, бұл мәселені бірнеше жылдан бері түрлі жиындарда, бас қосуларда көтеріп келеміз.

Бізге де қолдау керек, әсіресе дернәсіл, шабақтарды алуға демеуқаржы бөлінсе. Өйткені сапалы материал біздің өңірде жоқ, көлдерді пайдаланушылар, әсіресе сиг балығын – пелядьті өсірушілер оны Ресейдің Тобыл, Ханты-Мансийск, Челябі, Қорған, Новосібір қалаларынан жеткізеді.

Мұндай көбейтуге арналған балықтардың бағасы өте қымбат. Балық шаруашылығына кететін шығынның 30-40 %-ы – осы мақсатқа жұмсалады. Біздің естуімізше, бағдарламаны әзірледі, бірақ екінші жыл біздің өңір бұл субсидиядан қағылып келеді. Сондықтан бұл мәселе өте өткір тұр. Жаңа бағдарлама әзірленген.

Ол қажетті құрал-саймандарды – қайық, түрлі жабдықтар, тоңазытқыш, мұздатқыш камераларды және тірі балықты тасуға арналған машинаны сатып алуды көздейді. Мұның бәрі дайын, бірақ әзірге оның пайдасын көрген жоқпыз. Қазір ай сайын бізден ақпарат алып, қандай қажеттіліктеріміз барлығын сұратып жатыр. Бірақ іс жүзінде одан еш пайда жоқ.

- Жұмыс барысында қандай қиындықтар кездеседі?

- Көктемгі дала жұмыстары басталысымен біз бетпе-бет келетін мәселе – жер жырту. Шаруалардың көпшілігі барлық талаптарды бұза отыра көлдің жиегіне дейін жыртып тастайды. Бұдан басқа химикаттармен бүркеді, гербицид, пестицид қолданады, оның бәрі қалай болғанда да суға түседі. Бұл судың химиялық құрамын бүлдіріп, улайды. Салдарынан балық қырылады.

Бұдан басқа екі жыл бұрын балықты экспорттау тәртібі қатаңдатылды. Бұрын 2-3 құжат жеткілікті болса, қазір Ресейге балық өнімін шығару үшін қағазбастылық артты. Құжат жинауға 2-4 күн кетеді. Ал балық бүлінбеуі үшін тоңазытқыштарда немесе рефрижераторларда сақтау керек, бұл қосымша шығын.

- Адамдардың көп жағдайда көлді жалға алушыларға көзқарасы нашар, олар «тек ақшаны жинауды ғана біледі, түк істемейді» деп айтады. Бұған сіздің пікіріңізді білсек..

- Кей жағдайда тұрғындар дұрыс айтады. Көлдерді жалға алушылардың арасында ондайлар бар, көлді алғанымен онда талапқа сай жұмыс істелініп жатқан жоқ. Менің бизнесімде, кәсібімде олай емес. Әуесқой балықшылар, балық аулауды жақсы көретіндер менің көлімде атқарылған жұмыстарды көре алады.

Келушілерге су қоймасының маңына отыратын орындар жасағанмын. Балық аулауға ыңғайлы болуы үшін арнайы пирстер салынып жатыр. Қоқыс салатын жәшіктер қойылған. Дәретханалар орнатылған.

Бұл, әсіресе, қона келіп балық аулайтындар үшін ыңғайлы. Көлде, маңында тап-таза, жыл сайын балық жіберемін. Әлеуметтік желіде әуесқой балықшылар жиналған тобымыз бар, ол жерде 50 мың адам отыр. Сол жерге барлық ақпаратты салып тұрамын, яғни мен балықшылармен кері байланыс орнатқанмын.

Сондықтан менің жағдайымда балықшылармен, жергілікті тұрғындармен келіспеушіліктер жоқ. Ал басқа кей көлдерге қатысты, ия бар, ол туралы естимін. Меніңше, көлді жалға алушыға қатысты, жұмыс істемесе, әрине ол туралы жаман пікір қалыптасады.

Осы уақытқа дейін жергілікті тұрғындармен бір рет те келіспеушіліктер болған емес. Керісінше, біз көліміз орналасқан ауылдық округ әкімдерімен әлеуметтік көмек көрсету жайында меморандумға отырдық. Жаңа оқу жылы қарсаңында көпбалалы, мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке керек-жарақтарын сатып әпереп жүрміз.

Қарттар күніне орай ауыл тұрғындарының тізімін алып, балық апарып береміз. Жәрмеңке болғанда өз өнімдерімізді арзан бағаға сатамыз. Керісінше, көмек үшін ауыл әкімдерінен алғыс алып жатамын.

- Тұрғындар сіз жалға алған көлге отбасымен келіп демала ала ма?

- Ия, келіп, суға шомылуға болады. Біз жазғы маусымға дайындаламыз. Жағалауларды қамыстан, шөптен тазартамыз. Бірақ заң бойынша мұндай көлдерде суға шомылуға рұқсат жоқ. Саяжай арнайы жарақтандырылып, қасында құтқарушылар кезекшілік атқаруы тиіс. Алайда жақын маңдағы ауыл тұрғындары демалуға келсе мен оған тыйым сала алмаймын. Қуып шықпаймын ғой.

- Ауыл болғаннан кейін мал ұстайды, оны суару керек. Осыған қатысты жергілікті тұрғындармен келіспеушіліктер болмай ма?

Малды көлде суару – өте өзекті мәселе. Бір аудандағы көлде мал суаруға тыйым салдым. Өйткені, сол үшін арнайы жасалған тоған бар. Бірақ ол кішкене әрірек орналасқан. Су кодексіне сәйкес көлдің арнайы жарақтандырылмаған жерінде мал суаруға болмайды. Осыған байланысты ауыл әкімімен әңгіме болды.

Мен көлде емес, оның маңынан сәл әрірек суат жасауға рұқсат бердім. Кейін бұл мәселе туындаған жоқ. Ал басқа аудандарда, арнайы қазаншұңқырлары жоқ ауылдарда көлдің басқа бетінен мал суаруға арнайы орын бөліп, рұқсат бердім. Ол жаққа адамдар суға шомылуға, балық аулауға бармайды. Жергілікті тұрғындармен санасу керек, олар ол жердің байырғы тұрғындары.

- Балық аулауға арналған жолдаманың бағасы қазір қанша? Әр көлге арналған балық аулау лимиті деген не?

- Облыс бойынша балық аулауға арналған жолдаманың орташа бағасы 2 мың теңге. Жалпы көлге, ондағы балықтардың алуандығына байланысты құны өзгеруі мүмкін. Ия, әр көлге қатысты балық аулаудың өз лимиті бар. Ол зерттеліп, ғылыми негізделген.

Көлді пайдаланушы су қоймасына зиян келтірмеу үшін белгіленген мөлшерден артық аулай алмайды. СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында бекітілген белгілі тариф бар, сол бойынша ауланған балыққа салық төлеу қажет.

Уақыт өте лимитті өзгертуге болады, ол үшін тағы да мамандар зерттеу жүргізеді. Қазіргі уақытта көптеген көлдер таязданып кетті, оған құрғақшылық себеп. Бұл да лимитті өзгертуге мүмкіндік береді.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар