Балық шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге мемлекеттен қолдау көрсетіледі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Елімізде балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытқандарға мемлекеттен қолдау көрсетілуде, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап кететін болсақ, бүгінгі таңда бекіре тұқымдас, тұқы және бахтах балықтарын өсіруге жем сатып алуға жұмсалған қаражат көлемінің 30% мемлекет субсидиялауда.

Одан басқа, аумағы 50 гектардан асатын су айдындарында тауарлы балық өсірумен айналысатын кәсіпшілік субъектілеріне құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығындарын 25% мемлекет субсидия ретінде қайтарып береді.

Алдағы уақытта мемлекет тарапынан жылы суда мекендейтін балық түрлерін, шаян тәрізділерді өсіруге сатып алынған жемнің қаражатын 30% қайтару, ал балық шабақтарын, балықтардың аталық-аналықтарын күтуге, дәрілік препараттар және биологиялық негіздемелер әзірлеуге жұмсалған қаражаттардың 50% дейін субсидиялау бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр.

Бүгін осы және өзге де ауқымды жоспарлар мен атқарылып жатқан жұмыстар Қапшағайда өткен жиында талқыланды. Арнайы штаб отырысында сала мамандары кешенді жоспар құрып, су айдындарында инспекторлар санын арттырып, заңбұзушыларға қатаң шаралар қолдану мәселесін талқылады. Жиынға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2021-2030 жылдар аралығына Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданған болатын. Аталған бағдарлама шеңберінде облыс әкімдігімен Алматы облысы бойынша 2021-2030 жылдар аралығына Өңірлік балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданды.

Бағдарламаларға сәйкес, 2030 жылға дейін республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар