Балық шаруашылығы туралы жоба бірінші оқылымда мақұлданды - Сенат

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне балық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап, құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

 Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш құжат Елбасының жолдауларын және Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын іске асырудың жалпыұлттық жоспарына сәйкес әзірленген. Жобаның негізгі мақсаты балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғауды, олардың өсімін молайтуды және ұтымды пайдалдануды құқықтық жағынан қамтамасыз ету болып отыр. «Қолданыстағы заңнама балық шаруашылығының қарқынды және жан-жақты дамуын қамти алмай отыр. Сонымен бірге, бүгінгі заңнамада балықты жасанды түрде өсірудің нормалары реттелмей, балықтардың қырылуына қарсы шаралар көрініс таппаған. Ал бүгінгі жобада осы мәселелер жан-жақты қарастырылып отыр. Бұдан басқа, құжатта ең бастысы табиғи ортадан алынған бекіре тұқымдас балықтарды сатып алуға және олардың уылдырығын қайта өңдеу және сатуға мемлекеттік монополия енгізу көзделеді. Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес, Каспий қорықтық аймағының экожүйесін және биологиялық алуан түрлілігін сақтау қажеттілігіне байланысты атқарылып отыр», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев.

Жобаны талқылау барысында сенаторлар балық шаруашылығына қатысты бірқатар пікірлерін ортаға салды. Мәселен, сенатор Қайрат Ищанов мемлекеттік монополияны тек бекіре уылдырығына ғана емес, еліміздегі қызыл балықтарға да енгізу қажеттігін алға тартады. «Бүгінгі күні еліміздегі балық шаруашылығының жағдайы мүшкіл.  Бірқатар себептерге байланысты балықтың азаюы орын алып отырғаны да рас. Ал ондай байлықты түбірімен сарқып алмас үшін мемлекет тарапынан әлі де нақты бетбұрыс қажет. Біз мемлекеттік монополияда тек қана уылдырық мәселесіне назар аударып отырмыз. Негізінен мемлекеттік монополия тек уылдырықты ғана қамтып қоймай,  еліміздегі барлық қызыл балыққа қатысты болуы шарт. Мәселен, балықты сойып, оның ішіндегі уылдырығын ғана мемлекеттік бақылауға алып, қалған қызыл балықты жаппай саудаға шығаруға болмайтыны секілді», деді сенатор.

Депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстар екінші оқылым барысында жан-жақты талқыланатын болады.

Соңғы жаңалықтар