Балық өсіруді 7,4 мыңнан 300 мың тоннаға дейін арттыру қажет – Мырзағалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық нормаға сәйкес келу үшін Қазақстан балық өсіру көлемін 7,4 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін арттыруы қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріккен ұлттар ұйымындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша, акваөсіру саласы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт болып саналады. Мәселен, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небары 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түседі. Бұл ретте, соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 млн тоннаға немесе 450% өсті. Ал балық аулау көлемі, тұрақты деңгейде», - дейді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша, Қазақстанда балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары.

«Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 мың тоннаға дейін өсті. Елімізде осы шаруашылықпен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады, онда 1126 адам жұмыс істейді. Бірақ бұл – жеткіліксіз. Жасанды балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шаққанда 16 кг балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін шамамен 300 мың тонна балық өсіру қажет», - дейді ол.

Министр балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көшбасшы (5 мың тонна) болып отырғанын атап өтті.

«Ал Алматы облысында шамамен 1000 тонна, Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облысында шамамен 300 тонна балық өсіріледі», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Еске салайық, М.Мырзағалиев қазақстандықтар балықты аз тұтынатынын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар