Балық өсіруде неліктен Өзбекстаннан артта қалып отырмыз

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Балық өсіруде неліктен Өзбекстаннан артта қалып отырмыз? ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың бұл сауалына бүгін Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көршілес Өзбекстанды қарасақ, оларда су көздері бізге қарағанда аз. Сонымен бірге олардың балық шаруашылығы бізге қарағанда жақсы дамыған. Бірнеше есе көп балық өндіріледі. Өзбекстан тәжірибесін неге қарамайсыздар? Бізге сонда не кедергі болып тұр?», - деп сұрады Үкімет басшысы Серікқали Брекешевтен.

Министр де көрші елде акваөсіру бағыты жақсы дамып келе жатқанын растады.

«Министрліктің мамандары, отандық бизнес өкілдері бірлесіп былтыр Өзбекстанға барып келді. Өзбекстанның негізгі айырмашылық факторы – бұл қолайлы табиғи-климаттық жағдайы. Олардың балықты жыл бойы өсіруге мүмкіндігі бар. Біздегідей көлемдегі балықты табиғи су қоймаларынан ауламайды. Сонымен бірге Өзбекстанда акваөсіру туралы заң қабылданған. Қазақстанда дәл сондай заң жобасы әзірленді. Ол келесі жылдың қарашасына дейін Парламент қарауына енгізіледі. Бұл ретте климаттық жағдайы бізге ұқсас озық елдердің тәжірибесін зерделеп, заманауи технологияларына басты назар аудардық. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп, күрделі сараптама жасалды. Жақын мерзімдегі мақсатымыз - аквамәдениеті дамыған елдер деңгейіндегі өндіріс көлеміне шығуға заңнамалық мүмкіндік туғызу», - деді Серікқали Брекешев.

Фото: t.me/KZgovernment


Соңғы жаңалықтар