Балық аулап отырып мұз астына түсіп кеткен екі адам құтқарылды

None
None
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысында мұз астына түсіп кеткен екі балықшы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Алматы облысының төтенше жағдайлар қызметіне Қарасай ауданындағы су қоймасында балық аулап отырған екі адамның мұз астына түсіп кеткені туралы хабар келген.

«Оқиға орнына Қарасай ауданының құтқарушылары, Қаскелең қаласының өрт сөндірушілері, республикалық жедел құтқару жасағының қызметкерлері, полицейлер және дәрігерлер шұғыл аттанды. Мамандар 1988 жылғы ер адам мен 1994 жылы туған әйелді судан шығарып, аман алып қалды», - деп мәлім етті ТЖД баспасөз қызметі.

Құтқарылған ер мен әйелге алғашқы көмек көрсетілді, содан кейін олар Қарасай аудандық ауруханасына жеткізілді.

Қазір Алматы облысы аумағында күн жылынып, өңірдегі барлық су қоймаларының бетіндегі мұз ери бастаған.

«Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап, барынша абай болуға шақырады. Күн жылыда мұз үстінде балық ауламаған жөн, көктемгі мұз өте сенімсіз», - дейді құтқарушылар.


Соңғы жаңалықтар