Балуандардың басты назарын Белградтағы Әлем чепионатына бағыттап отырмыз - Спорт комитеті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астанадағы Азия чемпионатында Қазақстан балуандарына қандай міндет жүктеліп отырғаны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген спортшы Олимп шыңын бағындырам, жүлделі орын алам деп дайындалады. Бірақ, тұғырда үш орын ғана бар. Алайда, күрес түрлерінен 4 орын бар (екі үшінші орын – ред.). Әрқайсысы барынша күш-жігерін салып, ел намысын абыроймен қорғап шығады деп ойлаймыз», - деген комитет өкілі ешбір балуанның атын нақты атамады.

Оның пайымынша, қазір балуандардың негізгі назары күзде Сербия астанасында өтетін жарысқа ауып отыр.

«Бұл Азия чемпионатының алдында әр күрес түрінен екі кезеңнен тұратын жаттығу жиындары өткізілді. Сонымен қатар, Әлем чемпионатына да дайындық қарқынды жүріп жатыр. Жаттығу жиындары, жарыстар белгіленген жұмыс жоспары бойынша жүргізіледі. Қыркүйек айында Белградта (Сербия) өтетін Әлем чемпионаты лицензиялық турнир болып есептеледі. Содан бір апта өткенде Азия ойындары басталады. Сондықтан, жаттықтырушылар басты назарды Әлем чемпионатына бөліп отыр. Өйткені, ол жақта Олимпиада ойындарына жолдама сарапқа салынады», - деді Айгүл Бектенова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 9-14 сәуір аралығында Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін 36-шы Азия чемипонатына құрлықтың 24 елінен 300-ден астам балуан қатыспақ.

Азия чемпионатында жеңген балуандардың жаттықтырушыларына да ақшалай сыйақы беріледі.


Соңғы жаңалықтар