Балуан Шолақтың шөбересі Көкшетауға келді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Алып өнерпаз Балуан Шолақ» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған атақты палуанның шөбересі Шайдолла Шолақов қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большинаға сілтеме жасап хабарлайды.

Басқарма таратқан ақпаратқа қарағанда, өткен жылы ұлттық спорт түрлері бойынша Ақмола облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне Балуан Шолақтың есімі берілген екен.

«Алып өнерпаз Балуан Шолақ» атты ғылыми-практикалық конференцияға әдебиет пен өнер саласының, қоғам қайраткерлері, сазгерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Конференцияда тарихшы ғалымдар қазақтың атақты халық әнші-композиторы, айтыскер-ақын, ат үсті ойынының түрлі тәсілдерін меңгерген ерекше өнерпаз, күш өнерін көрсеткен спортшы, жауырыны жерге тимеген палуанның жетістіктері мен өміржолындағы қызықты  оқиғалар туралы сөз қозғады.

 «Өз еліміздің тарихын білу, оның ішінде ұлы тұлғалардың есімін дәріптеу баршамыздың парызымыз. Әсіресе, халқымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтың әншілік-ақындық мұрасын насихаттау, оның спорттағы жетістіктері еліміздің келешек жастарын тәрбиелеуде маңызы зор»,  - деп атап өтті Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев.

Айта кетейік, Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр кентіндегі Балуан Шолақ атындағы спорт мектебінде көкпар, аударыспақ, теңге алу және жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен ел чемпионаты өтуде. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 200 жуық спортшы қатысуда.

Соңғы жаңалықтар