Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қалалық коммуналдық меншікке берілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қаланың коммуналдық меншігіне берілді. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңестің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының есебі тыңдалды. Басқарма өкілдері туристік автобус бағдарларын реттеу туралы жоспарларымен бөлісті. «Биыл Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінің базасында туристік хаб ашуды жоспарлап отырмыз. Сіздер білетіндеріңіздей, өткен жылы қала территориясында орналасқан бірқатар нысанды қалалық әкімдіктің балансына қайтару керектігі жайлы мәселе көтерілген болатын. Нысандар стандарттарға сай қайта жөндеуден өткізіліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл жұмыс абаттандыру немесе қаланың тарихи бөлігін қалпына келтіру бағытында жасалып жатыр. Сондықтан Балуан Шолақ атындағы спорт кешені әкімдікке берілді. Қазір эскиз сызылып жатыр. Туроператорлармен де, кәсіпкерлермен де әңгіме жүргізілді», - деді басқарма басшысы Ерлан Жайлаубай.

Концепция бойынша спорт сарайынан Алматы және Алматы облысының көрнекті орындарын аралауға туристік автобустар шығатын болады. Бұл жерден Көлсай, Қайыңды, Шарын, Талғар елді мекендеріне бағыт ашылады. «Қазір әр турфирма әр аймақтан шығады. Бір жүйеге келтіру керек. Сәтпаев пен Абай көшесінің ортасында Байтұрсынов көшесінің шығыс жағынан қосымша тұрақтар жасалынады.,- деді Ерлан Жайлаубай.

Қалада туристік жағдайды жақсартуға навигация, автобустардың жұмысы, үш тілділік, ақпараттандыру жүйесі өзгеретін болады. Атап айтқанда темір жол, автовокзалдар, Абылай хан көшесі мен Гоголь көшесі қайта жасалады.

Қоғамдық кеңес мүшелері «Сайран» автовокзалында туристердің екінші нүктесін орналастыру туралы бастама көтерді. Сонымен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері қос қабатты автобустар сатып алу туралы ой айтты. Ерлан Жайлаубай бұл сұрақ қарастырылатынын жеткізді.

Сондай-ақ, жақында «Қазақфильм» алаңында этно-ленд ашылатыны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар