Балуан Айбек Серікбаев «Сыр барысы» атанды

None
Фото: Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Қазақстан барысы» республикалық турниріне облыстық іріктеу сайысы өтіп, Айбек Серікбаев «Сыр барысы» атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы «Еуразия» спорт кешенінде республикалық «Қазақстан барысы» турниріне облыстық іріктеу сайысы өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов балуандарға сәттілік тілеп, қызықты сайыс өтуіне тілектестігін білдірді.

Одан кейін ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафа дәстүрлі турнирдің 2011 жылы алғаш рет Сыр өңірінде бастау алғанын атап өтті.


Алғашқыда облыстық деңгейде өткізілген сайыс уақыт өте келе республикалық деңгейге көтерілді.

Биыл он төртінші мәрте жалауын желбіреткен турнир жұртшылық арасында кеңінен қолдауға ие болды.

Облыстық ақтық жарысқа алдымен іріктеу ауыл, аудандық деңгейде өтіп, кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы 4 жас ерекшелігі бойынша іріктелді.


Жарыс қорытындысы бойынша облыстық іріктеу сайысы финалында Айбек Серікбаев пен Еламан Ерғалиев кездесті. Тартысты өткен бәсекеде Айбек жеңіске жетті.

Қос балуан енді республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде облыс намысын қорғайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында «Жайық барысы» анықталған болатын.


Соңғы жаңалықтар