Балтамен мектепке келген: СҚО-да оқушыны қарусыздандырған 2 жасөспірім марапатталды

None
Фото: СҚО баспасөз қызметі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Петропавлдағы № 4 орта мектептің екі оқушысын марапаттады. Олар сабаққа балта мен пышақ әкеліп, балаларды жарақаттаған 9-сынып оқушысын қарусыздандырған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, № 4 қалалық орта мектептің жоғары сыныбында оқитын екі оқушы Нұрислам Сандыбай мен Алдияр Нұртаев, сондай-ақ олардың аналары облыстық полиция басшылығының атынан алғыс хатпен марапатталды.
Ержүрек балалар мен олардың аналары Айсұлу Сандыбаева мен Айман Нұртаеваға марапатты СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев салтанатты түрде табыс етті.

Қанат Айтбаев мұндай жағдайда әр ересек адамның қолынан батылдық келе бермейтінін, алайда Нұрислам мен Алдияр бірер секунд ішінде шұғыл әрекет етіп, өзін және басқа балаларды қауіп-қатерден қорғағанын атап өтті.


Балаларға алғыс хатпен бірге сыйлықтар және волейбол мен баскетбол добы сыйға берілді. Өйткені бұл жасөспірімдер спорттың осы түрімен шұғылданып жүр.
Айта кетейік, бұл бозбалалардың алғашқы марапаты емес. Бұған дейін олар мектеп жиналысында алғыс алды, сондай-ақ олардың батылдығын Қорғаныс министрлігінің өкілдері атап өтті.


Естеріңізге сала кетейік, биылғы 13 ақпан күні таңертең Петропавл мектебінде төтенше жағдай орын алды – 9-сынып оқушысы мектепке пышақ пен балта алып келіп, үш оқушыға дене жарақатын салды.
Зардап шеккен балалар ауруханаға жатқызылды.
Полиция мен дәрігерлер келгенге дейін мектепте ойран салған жасөспірімді мектептің екі оқушысы: Нұрислам мен Алдияр ұстап, қаруын жұлып алды.
9-сынып оқушысы екі айға қамауға алынды.
Қазір осы қылмыс фактісі бойынша тергеушілер істің барлық мән-жайларын жан-жақты зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізуде, оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.



Соңғы жаңалықтар