Балмұздақтың кесірінен консерваторияға түсе алмадым – «Қыз Жібектегі» «Гәккуді» шырқаған әнші

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қазақ киноиндустриясындағы қайталанбас өнер туындысының бірегейі – «Қыз Жібек». Дәл осы көркем фильм талай жастың талантын ашты. Басты рөлдерді сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың өмірі актерлікпен өрілді. Солармен бірге танылған тағы бір өнер адамы бар. Ол – «Қыз Жібек» фильміндегі «Гәкку» әнін кадр сыртында шырқаған Мүнира Ижанова. Кино кадрында дауысы ғана жазылған. Әнді кадр сыртында шырқағандықтан, оның бейнесі лентаға түспеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Сіз өнерге қалай келіп едіңіз? Кімді үлгі тұттыңыз?

– Кіндік қаным Абай мен Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтей қайталанбас заңғарлар қанаттанған Семей өңірінде тамды. Осы өңірдегі Суықтөбе ауылында балалығым өтті. Бала кезімде ағайым Ғаріпжан Матайбаевты өзіме ұстаз тұттым. Қазақтың дәстүрлі әндерін орындаған, кейіннен насихаттаудан жалықпаған ағайымның дауысы ерекше еді. Сол кісі ән салғанда қазақ өнерін Париж төрінде танытқан бірегей әнші Әміре Қашаубаевты тыңдағандай күй кешетін едім.

Бес жасымнан ән айтуға талпындым. Бастапқыда ауылдастарымның алдында сызылтып ән шырқадым. Кекілім желбіреген балғын өнерпаз болсам да, алғашқы қадамыма ризашылықпен қол соққан ауылдастарым мені «әнші қыз» деп атайтын. Бұл маған қанат бітіріп, әншілікке түпкілікті бет бұруыма әсер етті. Сөйтіп, 18 жасымда Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға түстім.

– Музыка училищесін бітірген соң бірден жұмысқа орналастыңыз ба?

– Қазақ әндерінің иірімі терең ғой. Шынымды айтсам, қазақ әндеріне ғашық болдым. Ұйықтап жатсам да ән шырқап тұрғандай күйге енемін. Сондықтан, білімімді жетілдіру үшін 1964 жылы Алматыдағы консерваторияға оқуға түсуді ойладым. Алайда, бұл арманым орындалған жоқ. Оған құрбым екеуміздің Алматының көшелерін аралап жүріп, қызығушылықпен жеген балмұздақтың кесірі тиді. Бір түнде тамағыма тас тұрғандай, ісініп кетті. Дәрігерлер ән айтуға тыйым салды. Сөйтіп, консерваторияға оқуға түсе алмадым. Бірақ, астанадан жырақтап кетпедім. «Бәрібір Алматыда жоғары білім аламын» деген мақсатпен Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, жеке ән орындаудың тылсымына бойладым. Бұған қоса, дирижерліктің құпиясын меңгердім. Институтта оқи жүріп, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында жұмыс істедім. Филармонияда академиялық капелла хорының солисі ретінде ән шырқадым.

– Әншілер байқауына қатысып көрдіңіз бе?

– Түрлі байқауларда бақ сынадым. Соның бірі – жоғары оқу орындары студенттерінің өнер байқауы. Бұл байқауға 1965 жылы қатысып, «Ақ шағала» әнін орындадым. Сол байқауда студенттердің өнерін композитор Нұрғиса Тілендиев сырттай бақылап отырды. Ел ішінде елеусіз жүрген өнерлі жастардың танылғанын қалайтын композитор мені есінде сақтап қалыпты.

Жалпы, Алматы – өнердің ордасы. Сол кезде өнерге бет бұрған жанның бәрі әсем қалада қалғанды жөн көретін еді. Менде де астанада қалсам-ау деген ой болды. Қолыма диплом алар сәтте ұстаздарым оқытушы болуға ұсыныс айтып, институттағы жұмысым басталды. Бұрынғыдай емес, бос уақыт бола бермейді. Сондай күндердің бірінде институтқа композитор Нұрғиса Тілендиев пен «Қыз Жібектің» режиссері Сұлтан Қожықовтың келгенін естідік. Қазақтың бірегей тұлғаларымен кездесудің өзі ғанибет ғой. Олар менің даусымды тыңдауға келгені айтты. «Байқауда «Ақ шағала» әнін орындаған сен емес пе едің? Басқа қандай әндерді орындап жүрсің?», деді Нұрғиса ағай. Өзі рояльмен «Жан жарым», «Жан сәулем», «Ақ шағала», «Жүрегім менің» секілді 15-ке жуық шығарманың сазын ойнады. Мен сол әндерді орындап бердім. Кейін «Қазақфильм» киностудиясына шақырды. Студияға кірген кезде Бибігүл Төлегенова «Гәккуді» шырқап тұрды. Оны Нұрғиса Тілендиев домбырамен сүйемелдеп отырды.

– «Қыз Жібек» фильміндегі «Гәкку» әнін шырқайтыңызды қалай білдіңіз?

– Қазақ өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген Нұрғиса Тілендиев пен режиссер Сұлтан Қожықов «Қыз Жібекте» фильміндегі «Гәкку» әнін орындауға мені таңдаған шешім қабылдаған екен. Сүйінші жаңалықты Нұрғиса Тілендиевтің өзі жеткізді. Бұл 1969 жыл еді. «Қыз Жібек» киносы сәтті түсірілді. Әнді кадр сыртында орындадым. Кешкі мезгілде дауыс жазуға шақырады. Сондай күндердің бірінде ерекше құрмет тұтатын ағайдың бірі «Айналайын, оркестрдің алдыңғы қатарында отырған бір жігіт сені ұнатып жүр» деді. Сырттай көріп жүрген жігіт. Ол – осы фильмнің музыкалық аспаптар оркестрінде приманы тартатын атыраулық Досқали деген азамат. Мен қайда барсам, сол жерде Досқали жүреді. Соған әлі күнге таң қаламын. Сөйтіп, Досқалимен таныстығымыз достыққа, кейін үлкен махаббатқа ұласып, отбасы құрдық.

– Атырауға қашан көшіп келдіңіз? Бұған не себеп болды?

– Күйеуім Досқали Құлсары аталатын аудан орталығында туған жігіт. Сол жерде де гастрольдік сапармен талай болғанбыз. Енем Досқали екеуміздің Атырауға көшіп келуімізді қалады. Бұл ұсынысқа үлкенді сыйлайтын, алдынан қия өтпейтін тәрбиемен өскендіктен қарсы болмадым. Сөйтіп, 1975 жылдан бері Атыраудың белді тұрғынына айналдым.

Әңгімеңізге рахмет.



Соңғы жаңалықтар