Балконда концерт берген елордалық: Халықтың көңіл-күйін көтергім келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 22 наурыз күні елордадағы көпқабатты үйлердің бірінің балконында дәстүрлі ән шырқаған азаматтың желіде видеосы жарияланды. Індет үрейіндегі жұрттың ықыласына бөленген әншінің видеосын жүздеген адам бөлісіп, жағымды пікір қалдыруда. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісі видео кейіпкерінен сұхбат алды.

Анықтағандай, ол азамат - «Bek production» орталығының жетекшісі, әнші әрі күйші Бекайдар Қалиев екен.


Бекайдар Қалиев негізі күйші мамандығын тәмамдапты. Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының түлегі. Кейін «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетінде оқып, «Өнертану» мамандығының «Домбыра» факультеті бойынша магистратураны да сол оқу орнында бітірген.

«Әу демейтін қазақ жоқ, демекші күйшілікпен бірге дәстүрлі әнді де шырқаймын. Кәсіби музыкантпын. Қазір жеке кәсіпкермін. «Арт домбыра» атты тобым бар. «Серпер» домбырашылар ансамблінің жетекшісімін. Одан бөлек бірнеше музыкалық топта еңбек етеміз. Не үшін балконда ән шырқадым? Қазіргі тілімен айтқанда хайп қуғым келген жоқ. Халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлағымыз келді. Италиядан кем қаламыз ба? Тағы бір әттең дейтінім, өкінішке қарай жалпы біз домбыраны не құдалықта, не Домбыра күні ғана еске аламыз. Міне, шын мәнінде домбыра қазақтың қолында әрдайым жүруі, төрінде ілініп тұруы керек. Ұлттық аспабымыз әрқашан насихатталуы тиіс», - дейді ол ҚазАқпарат тілшісіне.

Бекайдар Қалиев былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен ұлттық Домбыра күні елордада өткен үлкен концерттің режиссері болған екен. Ұлттық аспапты насихаттау үшін заманға сай технологияларды қолдана отырып, домбыраға дыбыс ұлғайтқыш қойып, электродомбыра дайындап, аспаптың түр-түрін жасатқан көрінеді.

Сонымен қатар, домбыра негізінде «Қос саз» аспабын жасап шығарған. Яғни, бұл ретте шығармашылық топ шертер мен домбыраны қосып, тың экспериментке де барып көріпті. Бір-біріне жалғасқан шертер мен домбыраны бөліп алып та, ойнай беруге болады.

«Балконда тұрып шамамен 20 минуттық концерт бердім. «Хайгвил Парк» тұрғын ұй кешенінде 8-қабаттан «Жүгіріп шықтым белеске», «Үкілім-ай, жеңеше-ай», «Беу айдай», «Қалам алып қолыма», «Өз елім» секілді бірнеше әнді орындап, Құрманғазының «Адай» күйін шертіп бердім. Концертімді Роза Рымбаева шырқайтын «Наурыз-думан» әнімен түйіндедім. Айтпақшы осы шығармалардың бәрін арнайы аппарат қосып, орындадым», - дейді ол.

Бекайдар Қалиев қалада карантин енгізілгенін ескеріпті. Қазір көпшілік алдына шығып, өнер көрсетуге шектеу қойылып отыр. Әйтсе де Ұлыстың ұлы күнін атаусыз қалдырғысы келмеген.

«Ешкіммен артық кездесуге болмайтындықтан, мұның бәрін өзім жалғыз істедім. Концерт барысында тұрғын үй кешенінің ПИК әкімшілігінің өкілдері аулаға шығып, ән шырқауымды өтінді. Бірақ бұл ұсыныстан бас тарттым. Қазір ең бастысы – халықтың амандығы. Үш адамнан артық жиналудың өзі қауіпті болып тұр. Заңды бұзғым келмей, адамдардың көңіл-күйін көтеруге ниеттендім», - дейді музыкант.

Санаулы сәттен кейін Бекайдар өзі ән шырқаған видеоның әлеуметтік желіге тарап кеткенін біліпті. Инстаграм парақшасына кірсе Бекайдарды белгілеп, біраз таныстары арқа-жарқа болысқан екен. Тіпті елордадағы ең ірі Инстаграм-пабликтерінің бәрін де Бейдайдардың видеосы тараған.


Көпшілік жағымды пікір қалдырып, Бекайдарға алғысын жаудырып жатыр.


Соңғы жаңалықтар