Балқаштағы құйынды жел: Зардап шеккен тұрғынның жағдайы белгілі болды

None
Кадр из видео
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Балқаш дәрігерлері көпқабатты үйдің құлаған шатырынан зардап шеккен тұрғынның жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше сағат 21.00 шамасында Балқаш қаласында құйынды жел салдарынан Қараменде би көшесі, 4 мекенжайындағы тұрғын үйдің шатыры көкке ұшқан болатын. Шатырдың бір бөлігі үйдің жанынан өтіп бара жатқан екі көліктің үстіне түсті. Жүргізушілердің бірі зардап шегіп, ол ауруханаға жеткізілді.

«Зардап шеккен 1994 жылы туған тұрғын мидың шайқалуымен, контузиямен және мойын мен кеуде омыртқасының созылуымен ауруханаға жатқызылды. Науқас Балқаш қаласының көпсалалы ауруханасында, травматология бөлімшесіне орналастырылды. Жағдайы тұрақты, қажетті ем алып жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасынан.

Қазір қала басшысы Сапар Сатаевтың тапсырмасымен залал актісі жасалып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары төтенше жағдайларды жою шеңберінде жүргізілетін болады.

Айта кету керек, дауыл кезінде тағы бір тұрғын үй зардап шекті. Оның да шатыры жартылай бүлінген.

Оқиға орнында 8 сағат бойы шатыр қалдықтарын тазарту жұмыстары жүргізілді.

«Жұмысқа 153 адам, сондай-ақ 12 арнайы техника жұмылдырылды. Тазарту жұмыстарына ТЖД-ның, Балқаш қаласы әкімдігінің, полиция бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ барлық жанашыр тұрғындар қатысты. Балқаш қаласының әкімшілігі осы жұмысқа тартылған барлық адамдарға зор алғыс білдіреді», - деп хабарлады Балқаш қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар