Балқашта жігіт өртенген пәтерден екі баланы құтқарды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Балқаш-1» стансасындағы көпқабатты үйлердің бірінде шыққан өрт кезінде бір ер адам жанып жатқан пәтерден екі баланы алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін сағат 13:50-лер шамасында «Балқаш-1» стансасында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Үш қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтердің бірінен түтін шыққанын байқаған тұрғындар өрт сөндірушілерге қоңырау шалған.

Бұл пәтерде кішкентай бала бар екенін және ересектер жұмыста екенін білген Арсен есімді көрші жігіт өрт сөндірушілерді күтпестен, кіреберіс маңдайшасы арқылы терезеге шығып, отқа оранған пәтерге кірген. Жігіт ішке кіргенде екі бөлмелі пәтердің жиһаздары, тұрмыстық заттары мен есіктердің жақтаулары жанып жатқан. Ер адам екі баланы терезеден сыртқа алып шыққан.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер тілсіз жауды 15.04 шамасында сөндірді. Пәтердің 10 шаршы метрін жалын шарпыған. Өрт сөндіруге 14 қызметкер мен 3 арнайы техника жұмылдырылды.

Бастапқы болжам бойынша оттың шығуына балалардың тентектігі себеп болу мүмкін.

Соңғы жаңалықтар