Балқашта жас дәрігерлер жатақханаға орналасты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Балқашта Президенттің бес әлеуметтік бастамасын орындау шеңберінде Балқашта медициналық колледждің жатақханасы күрделі жөндеуден өткізілді, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің ресми сайты.

Жаңартылған ғимаратта студенттер үшін жайлы жағдай жасалған. Барлық ниет білдірушілердің барлығы жатын орындарымен қамтамасыз етілген, тағы да студенттерді қабылдау мүмкіндігі бар.

300 орынға шақталған бес қабатты жатақхана 1982-ші жылы салынған. 90-шы жылдары қиын жағдайға байланысты оны уақытша жабуға тура келді, соның салдарынан барлық коммуникациялар тозып қалған. 2018-ші жылы күрделі жөндеу жасау туралы шешім қабылданды. Жатақхананы жөндеу туралы жаңалық колледж басшылығын да, студенттерді де қатты қуантқан.

- Біздің колледжде 500-ден астам студент оқиды, оның жартысынан көбісі - басқа қаладан келгендер. Қарағанды облысының ауылдық жерлерінен, Оңтүстік Қазақстаннан келеді. Сондықтан жатақхана мәселесі өте өзекті, - деп атап өтті Балқаш медициналық колледжінің директоры Серік Пшенбаев. - Бүгінгі таңда 220 адам жатақханаға зәру, ал оның сыйымдылығы - 300 орын. Яғни бізде қазір орын жеткілікті. Студенттерді қабылдауды ұлғайтып, акушерлерді даярлау мүмкіндігі бар. Бұл мамандық қазір сұранысқа ие.

Ғимараттың қасбеті, шатыры жөнделіп, ішкі әрлеу жұмыстары жасалған. Жаңа терезелер, сантехника мен инженерлік коммуникациялар орнатылған. Қажетті жиһаздар мен тұрмыстық техника сатып алынды. Енді әрбір қабатта шомылатын жерлер, ас үйлері, демалатын бөлмелер бар. Студенттер де әсерлерімен бөлісті:

- Барлығы ұнайды. Мұнда бөлмелеріміз жайлы және жылы. Барлық жағдай жасалған. Секцияларда кір жуғыш машиналар бар, әр бөлмеде тоңызытқыштар орнатылған. Мен Приозёрскіден келдім, үшінші курста оқимын, медбике боламын. Осыған дейін пәтер жалдап, айына 40 мың теңге жуық ақша төлеп отыруға мәжбүр болдым, -дейді студент Әйгерім Жансейітқызы.

Жатақхананың бір қабатын жас дәрігерлерге берген. Мұнда толықтай жиһазы мен тұрмыстық техникасы бар 16 қызметтік пәтерлер жабдықталған.

Естеріңізге сала кетейік, 2018-ші жылдың наурызында Елбасы қазақстандықтар алдында Бес әлеуметтік бастаманы жариялаған болатын. Оның үшінші бағыты жоғарғы білім сапасы мен қолжетімділігін арттыру және студенттік жастардың жатақханаларда орналасуын қамтамасыз ету туралы айтылған.

Соңғы жаңалықтар