Балқашта үй кезегінде тұрған 24 адам пәтер кілтін алды

Фото: None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Балқашта үй кезегінде тұрған қаланың 24 тұрғыны қоныс тойын тойлады. Көпқабатты екі тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа қоныстанушылар арасында көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ бюджеттік ұйым қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және қала тұрғындарының басқа да санаттары бар.

Жәмила Жанқұлова өз кезегін 7 жыл күтті. Әйелдің мүгедектігі бар.

«Бүгін отбасым үшін өте бақытты күн. Тұрғын үй кезегінде 2015 жылдан бері тұрмын. Мұқтаж адамдарға жағдай жасалғаны үшін алғыс айтамын», – деді әйел.

30 жастағы Ақмарал Абдараманова жалғыз ұл тәрбиелеп отыр. Ол балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Екі жылға жуық тұрғын үйді жалға алып тұрып келген.

«Маған бір бөлмелі пәтер берілді. Кең, жөндеуі де жақсы. Қазір ұлым екеуміз көшуге дайындалып жатырмыз», – деді Ақмарал.

Жаңа қоныстанушыларға «Отбасы банк» арқылы «Шаңырақ» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бойынша бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер берілді.

«Бұл тұрғын үй элиталық саналады. Пәтерлер кең, жарық. Бөлмелердің төбесі биік. Жаңа қоныстанушылар ипотеканы «Шаңырақ» жеңілдетілген бағдарламасы бойынша ресімдеді. Олар пәтерлерді шаршы метрі үшін 140 мың теңгеден сатып алады. Бұл - өте тартымды баға, нарықтық бағадан арзан. Біз мұқтаждарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуді жалғастырамыз», – дейді Балқаш қаласы ТКШ бөлімінің басшысы Искандер Қабидолла.

Балқашта пәтер алу кезегінде барлығы 1954 адам тұр. Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен шамамен 18 мың шаршы метрді іске қосу жоспарланып отыр.

Жыл соңына дейін кезекте тұрғандарға тағы 33 пәтер беріледі.



Соңғы жаңалықтар