Балқашта туризмді дамытуға ниеттілерге жер учаскелері ұсынылуда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық бизнесмендерге Балқаш маңында туризмді дамыту ұсынылып отыр. Жергілікті билік бұл мақсатта бос жер телімдерін беруге және инфрақұрылым тартып беруге дайын екендерін бірдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балқаш маңындағы аймақ еліміздің туристік нысандарының топ-10 тізіміне енген. Ішкі және кірмелік туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасы Балқаштың болашақ курорт аумағын да қамтыды. 2023 жылға дейін көзделген Стратегиялық құжатты жүзеге асыру жоспарын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «McKinsey & Company» компаниясымен бірлесіп құрған.

Балқашта туризмді дамытуға арналған 60 га бос жер бар. Барлық ниет білдірушілер ашық аукционға қатыса алады. Ол жайлы Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулин өзінің халық алдындағы есебінде мәлімдеді.

Айта кету керек, алдағы үш жылда республикалық және жергілікті бюджеттен Балқаштағы туризм нысандарына инженерлік инфрақұрылымдарды жалғауға 3,5 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

«Бұл қаражатқа электр тарату желілері, жолдардың құрылысы, Бертіс шығанағы маңында кәріз және су құбырларын өткізу қарастырылады», - деп нақтылады қала басшысы.

Әкімдіктің мәліметінше, 2018 жылы Балқашта 28 мың турис болып қайтқан, қонақтарға 258 млн теңгеге қызмет көрсетілді. Биылғы жылы қалада кәсіпкерлердің басын біріктіріп, форум өткізу жоспарланып отыр. Аталмыш жиында туристік бизнесті жақсарту мәселелері талқыланбақ.

Соңғы жаңалықтар