Балқашта тағы тоғыз көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады

None
None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Жаңа жыл қарсаңында тағы тоғыз көпбалалы отбасы Балқашта көптен күткен баспанаға ие болды. Пәтер кілтін қала әкімі Ораз Тәуірбеков табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пәтерлер абаттандырылған аудандарда орналасқан. Әлеуметтік және тұрмыстық инфрақұрылымның барлық нысандары қадамдық қолжетімділікте. Тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді.

«Жергілікті кәсіпкерлер салған жаңа үйлерден балқаштықтар пәтер алды. Тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында коммуналдық меншікке сатып алынды. Жаңа қоныстанушылар үшін шын жүректен қуаныштымын!» – деді Ораз Тәуірбеков.

Бес баланың анасы Қызғалдақ Атымтаева 4 бөлмелі пәтердің бақытты иесі атанды. Ол үшін қала басшылығы тарапынан жасалған жаңа жылдық сый ерекше қуанышқа айналды.

«Барлығымыз, әсіресе балалар өте бақытты. Өзара бөлмелерді бөліп те үлгерді.

Кезекте бір жыл тұрдым, сондықтан тез арада тұрғын үй аламын деп күтпеген едім. Пәтерде жөндеу жұмыстары жүргізілген, тек кіріп, өмір сүре берсек болады.

Әзірге жиһаз және басқа заттар жоқ, бірақ біз жақын арада көшуге тырысамыз», – дейді ол.

Биыл Балқашта 51 отбасы баспаналы болды. Олардың қатарында көп балалы және халықтың әлеуметтік осал топтары бар.


Соңғы жаңалықтар