Балқашта көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері табысталды

None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Балқаш қаласында кезекте тұрған көпбалалы 6 отбасы пәтер алды. Жаңа тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалға берілетін пәтерлердің кілттерін қала әкімі Қайрат Қамзин табыстады. Ол үлкен отбасыларға жайлылық пен жылулық, өзара құрмет пен ауызбіршілік тіледі.

Кезекте тұрған 4 отбасы Балқаш-1 станциясындағы екі қабатты тұрғын үйде қоныс тойын тойлайды. Тағы екі баспана «Қоңырат» шағынауданында берілді. Пәтерлер толығымен жөнделген.

Әсел Шынбаева жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Олар өз пәтерлерін көптен бері армандап келді. Сатып алуға мүмкіндік болмаған.

«Мен үмітімді үзбей, кезекке тұрдым. Енді міне осындай тосынсый болды. Балаларым пәтер алғанымызға ерекше қуанды. Біз осыған дейін пәтер жалдап келдік, қиын болды. Біріншіден, қымбат, екіншіден, үй иелері көпбалалы отбасыға пәтерін жалға бергілері келмейді. Енді өз баспанамыз бар, бәрі жақын: мектеп, дүкендер, аялдама», - дейді Әсел Шынбаева.

Қазіргі уақытта Балқашта мемлекеттен тұрғын үй алуға кезекте 2063 адам тұр, оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 201.


Соңғы жаңалықтар