Балқаш, Ұлытау, Қарқаралы - Қарағанды облысында туризм дамытылатын аймақтар

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында туризм дамытылатын үш бағыты анықталды. Бұл, туристік картаның ТОП-10 нысандарына енген Балқаш курорттық аймағы, Ұлытау тарихи-мәдени орталығы және Қарқаралы ауданының курорттық аймағы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балқаш қаласында өткен форумда туристік индустрияны дамыту, шетелдіктерге еліміздің көрікті жерлерін көрсету және ішкі туризмді тартымды ету мәселелері талқыланды.

«Бұл форумды өңірдегі туризмді дамытудың негізгі нүктесі болып табылатын - Балқаш маңында өткізу туралы шешім қабылдадық. Қазіргі таңда статистика келесідей: облыста қонақүйлер, демалыс аймақтары мен үйлер, жазғы лагерьлер, пансионаттар және басқа 253 нысан демалысты ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетеді. Олар жылына 280 мыңнан астам адамды қабылдайды. Біз жыл сайын туристік нүктелеріміз миллион туристі қабылдайтындай деңгейге жетуді мақсат етіп отырмыз. Ал егер ол көрсеткіш осы деңгейден асып түсер болса, бұл шын мәнінде, табысты болады деп ойлаймын», - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров аймақтық туристік форумның пленарлық отырысында.

Оның айтуынша, бай тарихи-мәдени мұрамыз, киелі орындардың болуы, облыстың географиялық орналасуы, сондай-ақ көптеген бірегей сәулет ескерткіштері белсенді туризмнің, сауықтыру, этнографиялық және экологиялық демалыстың барлық түрлерін дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашады.

Балқаш курорттық аймағын дамыту бойынша бас жоспарды Mc&Kensey консалтингтік компаниясы әзірледі. Демалыс аймағының құрамына Балқаш, Ақтоғай ауданының Тораңғалық және Шұбар-Түбек кенттері және Приозерск қаласы кіреді. Балқаш жағалауында 53 қонақүй мен демалыс орны орналасқан. Балхаш маңында жыл сайын жағажай демалысына шамамен 80 мың адам келеді. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, 2030 жылға қарай туристік ағынды 4 есеге арттыру әлеуеті бар.

Ол курорттық аймақ аумағында инфрақұрылымды дамыту жобалары туралы тоқтала кетті. Мемлекеттік қолдау арқылы электр желілерін, су құбырларын салу, жағажай аймақтары мен жағалауларды жайластыру жоспарлануда.

Форум қатысушыларына 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы таныстырылды. Бұл құжат биылғы 30 мамырда бекітілді. Ел Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша бағдарламаны іске асыру үшін жобалық кеңсе де құрылды. Туристік саланы дамытудағы жаңалықтар мен мемлекеттік қолдаудың басты шаралары туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Еркебұлан Хасенов баяндады.

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы турфирма жетекшісі Татьяна Верницкаяның сөзінше, туристерді халықтың салт-дәстүрі, тарихы қызықтырады.

«Ішкі туризм мәселесі басты назарда болды. Бұл салада біз көп жылдан бері жұмыс істеп келеміз, шетелдік туристер үшін турлар құрамыз. Бізде бірегей тарих және табиғаты әсем жерлер бар. Шет мемлекет туристеріне көрсетіп, мақтан тұтарлық мекендер де жетерлік. Халқымыздың тұрмысы, өмір салты, ұлттық тағам - осының барлығы шетелдіктерге қызықты және олар Қазақстанға турист ретінде келгісі келеді. Бірақ осының бәрін көрсету және лайықты ұсыну үшін тырысу керек. Шешілуі тиіс мәселелер әлі де жеткілікті: жолдың нашар болуы, қалыпты дәретханалардың болмауы, кәсіби гидтердің жетіспеушілігі. Қоғам өсіп келеді, Қазақстандықтар әлем бойынша көп жүреді және шетелдегідей демалу үшін жақсы жағдай жасауды қалайды», - деді ол.

Оның айтуынша, ақпараттық тур кезінде Балқаш маңын аралай келе, туроператорлар Ақтоғай ауданында ерекше әсерге ие болған. Себебі онда қонақтарды импровизацияланған ауылда қарсы алып, қазақ мәдениеті мен асүйін көрсетті. Бұл этнотуризмді дамытуға арналған нағыз қазына.

Отандық туризмді дамытуға атсалысатын туристік фирмалардың өкілдері Балқаш - тек жағажайлық демалыс қана емес екеніне сенімді. Олар туристерді тартудың бірнеше жолдарын ұсынады. Бұл үшін бағдарлама құрып, жағдай жасау керек, деп атап өтті форумға қатысушылар.

Соңғы жаңалықтар