Балқаш ТКШ бөлімінің басшысы қызметкерлерімен саунада ішімдік ішкен

None
None
  ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің Әдеп бойынша кеңес мүшелері Балқаш әкіміне қол астындағы қызметкерлерімен саунада спирттік ішімдік ішіп, төбелеске қатысқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жариялау туралы ұсыныс жолдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шенеуніктің тәртіптік теріс қылығы 27 наурыз күні кешке Қарағанды облысы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында қаралды. Департаменттің бас маманы Марат Рахымжановтың хабарлауынша, тексеру барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әнуар Сәмиев тарапынан еңбек тәртібі мен қызметтік этика нормаларының бұзылу фактілері анықталды.

«Әнуар Сәмиевтің жұмыс уақытында «Балқаш Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлерімен саунада болғаны анықталды», - деп мәлімдеді Марат Рахымжанов.

Саунадағы демалыстың соңы төбелеске ұласқан, оған ТКШ бөлімінің басшысы қатыспаған. «Балқаш Су» МКК директоры мен инженері кәсіпорынның өзге инженерін соққыға жыққан.  Дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Әдеп бойынша кеңес мүшелері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әнуар Сәмиевті қатаң сөгіс жариялау түрінде тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыным әзірледі. Жазалау түрі туралы соңғы шешімді Әнуар Сәмиевтің тікелей басшысы - Балқаш әкімі Александр Аглиулин қабылдайды.  

Соңғы жаңалықтар