«Балқаш су» мекемесінің басшысы қызметінен қуылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл сәуір айының басында Балқаш қаласының сорғы станциясы ауданындағы магистральды су құбырында ірі апат болып, тұрғындар 2 күн сусыз қалған еді. Осы жайтқа байланысты «Балқаш су» мекемесінің басшысы қызметінен қуылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Орталық коммункациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтан журналистер апатқа кінәлі мекеме басшысының қызметтен алынған-алынбағанын сұраған еді.

«Ол учаскеге өзім барып, апатты жою жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын көрдім. Шынымен де, бүгінде басшысы қызметінен кетті. Қазір жаңа басшысы іріктеліп жатыр. Ол жерде шешілуі тиіс ұзақ уақыттан бері келе жатқан проблема болды. Қазіргі уақытта біз ең алдымен аталған сорғы стансасының тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жабдықтар сатып алу мәселесін шешеміз», - деді облыс әкімі.

Өңір әкімінің атап өтуінше, ұзындығы 22 шақырымды құрайтын су құбырына толықтай тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар қосымша құбыр салу қолға алынады.

«Мұндай қалада қосымша құбыр қажет. Бүгінде қала әкімдігі жобалық-сметалық құжаттама жасауға кірісті. Бұл мәселе жеке бақылауымда тұр, оны үнемі қадағалап отырамын», - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұған дейін сәуір айының басында Балқаш қаласында 80 мыңға жуық тұрғын екі тәулікке жуық ауыз сусыз отырғанын жазған едік.

Осыдан кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев апатқа байланысты қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды.

«Балқаш су» басшылығы өзінің қабілетсіздігін көрсетті деп санаймын. Белгілі болғандай, қақпа клапаны осы уақытқа дейін судың астында болған. Неге тексерілмеген? Мекеме басшысының атқаратын лауазымына сәйкестігін қарастыруды тапсырамын. Қызметтік тергеу жүргізіңіздер. Жобаны көтеріңіздер, егер қателер болса, бәрін түзету керек. Барлығын екі рет тексеріңіздер. Әрекет етіңіздер!», – деген еді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар