Балқаш маңына АЭС салынса, көл суының 3 пайызы ғана буланады – Құмар Әусенов

None
Фото: storage.googleapis.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – Балқаш маңыны АЭС салынғанда көл суының 3 пайызы ғана буланады. Мұндай пікірді «Қазақстан атом электр стансасы» ЖШС атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Құмар Әусенов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент 2060 жылға қарай көміртексіз энергетикаға, яғни атом электр стансасы мен жаңартылатын энергия көздеріне көшуге тапсырма берді. Жаңаратын энергия көздері өте жақсы. Бірақ, оларға барлық уақытта жағдай бола бермейді. Қазақстанда біз ойлағандай жел жиі соқпайды екен. Ал түнде күн сәулесі болмайды. Сондықтан халыққа және зауыттарға энергия беру үшін бізге АЭС қажет», - деді Құмар Әусенов Еуразия ұлттық университетінде АЭС-тің экологияға әсерін талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысында.

Оның атап өтуінше, АЭС таза электр энергиясын өндіреді.

«Оның шығарындылары өте төмен. Біз қауіпті шығарындыларға қатысты мәселені пысықтап жатырмыз. Мамандар, Ядролық технология қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы бар. Олар баяғыдан бері шығарындылар мәселесімен айналысып келеді. Оны шешуге болады. Кейбір адамдарды су мәселесі толғандырады. Егер станса салар болсақ, онда Балқаштың бүкіл суының тек 3 пайызы ғана буланады. Яғни, көлдің мол көлемімен салыстырғанда су өте аз кетеді. Және де біз бұл суды турбина конденсаторларын салқындату үшін ғана аламыз. Мәселен, 200 текше метр су алсақ, ол үнемі жүйеде болады. Ал қалған су энергетикалық жабдықтарды салқындату үшін қажет», - деді инженер.


Соңғы жаңалықтар