Балқаш көлінде браконьерлердің 200 шақырым ауы тәркіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Балқаш көлінде заңсыз балық аулайтын браконьерлерге қарсы кең көлемді арнайы операцияның бірінші аптасында полиция 6 тоннадан астам балық пен 200 шақырым ауды тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты, Қарағанды және Алматы облысының қызметкерлерінен құрылған арнайы топ, Балқаш көлінің аумағында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр», – деді ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары, өңірде өткізіліп жатқан арнайы операцияның жетекшісі Ерлан Омарбеков.

Аталған іс-шараға Экология, геология және табиғатты қорғау министрлігі мен Төтенеше жағдай министрлігінің өкілдері де қатысты. Мәселен, Төтенше жағдай министрлігі арнайы операция жүргізуге моторлы қайық, тік ұшақ және дрон жұмылдырды. Бұл, балық аулайтындарды әуеден бақылап, заңсыз әрекет анықталған жағдайда бірден шара қолдануға септігін тигізді.

«Алғашқы аптада полиция 200 шақырымнан астам балық аулауға тыйым салынған ау, 4 маторлы қайық және 6 тоннадан астам балық өнімін тәркіледі. Барлық браконьерлік факті бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы орайда, тұрғындардың азаматтық позициясын айтқым келіп отыр. Олар бізге браконьерлердің заңсыз әрекеті бойынша өздеріне мәлім ақпараттарды хабарлап, біз тез арада шешім қабылдап, қылмыстық әрекеттеріне тосқауыл қойып отырдық», – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.

Мәселен, 34 жастағы Қапшағай қаласының тұрғынынан заңсыз ауланған 530 келі көксерке, табан, шабақ және мөңке балығы тәркіленді. Ол балық аулауға тыйым салынған қытай ауын сатумен айналысқаны белгілі болды. Одан жалпы ұзындығы 198 шақырым 700 метр 1 987 дана қытай ауы тәркіленді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалы жүргізіліп жатыр.

Балқаш көлінің Приозерск қаласы аумағынан полиция қызмектерлері белгісіз біреулер құрып қойған жалпы ұзындығы екі шақырым болатын қытай ауын тәркіледі. Тәртіп сақшылары аудан 43 келі балықты қайта суға жіберіп, ауды өртеді.

22 мамырда сағат 18:00 шамасында полиция қызметкерлері жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бірінен шығып келе жатқан 50 жастағы Жамбыл облысы тұрғынының жүк көлігін тоқтатты. Көлікті тексергенде 6 тонна әртүрлі балық тәркіленді. Жүргізушіде аталған балық өнімдерін тасымалдауға құжаты болмаған. Ол балықтарды балық зауытынан тиеп алғанын айтқан. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

23 мамырда Балқаш көлінің Бертіс шығанағынан (Балқаш қаласы маңы) жағалаудан 5-6 шақырым жерде белгісіз біреулер құрған ұзындығы бір шақырым 300 метр 13 ау анықталды. Құрылған аудан 15 келі балық қайта суға жіберіліп, ау өртелді.


Соңғы жаңалықтар