Балқаш-Қарағанды жолында бес адам қаза тапты
2017 жылғы 28 наурыз 14:45

Балқаш-Қарағанды жолында бес адам қаза тапты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Балқаш-Қарағанды трассасында жеңіл және жүк көліктерінің соқтығысуы салдарынан бес адам ажал құшты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Апат 27 наурыз күні Қарағанды-Балқаш жолында Ақсу-Аюлы ауылынан 50 шақырым жерде болды.

«Алдын ала болжам бойынша, «Ауди80» автокөлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен және «Мерседес спринтер» жүк көлігімен соқтығысқан», - деп хабарлады Қарағанды облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.

«Аудидің» үш жолаушысы оқиға орнында жан тәсілім етті. Жеңіл көлік жүргізушісі және тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмды.

Жүк көлігінің жүргізушісі зардап шеккен жоқ.

«Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345-бабымен («Ауыр салдарға әкеліп соққан жол жүру ережелерін бұзу») сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Жүргізушілерден жылдамдық режімін сақтауды және жолда жүру ережелерін бұзбауды өтініп сұраймыз. Оның салдары қайғыға әкеп соғады», - деді Бақытжан Құдияров.

Jańalyqtar

MURAǴAT