Балқаш қаласының өрт сөндірушісі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

None
None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат – Балқаш қаласының өрт сөндірушісі Рауан Майкотов көрсеткен ерлігі үшін Президенттің жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Салтанатты шара елордада Жаңа жыл алдында өтті. Туған жері Балқашта да оның ерлігі жоғары бағаланды. Ол «Жыл патриоты» деп танылып, оған 100 мың теңге табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Балқаштың әр тұрғыны Рауан Майкотов туралы біледі. 5-ші АӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы өртеніп жатқан пәтерден екі баланы алып шыққан.

Өрт болған кезде Рауан Майкотов демалыста болған. Ол жұмыстарымен жүріп, Сәтбаев шағынауданындағы үйдің алдынан көпшілікті көрді. Үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен қою түтін шығып жатқан. Ең алдымен азаматтық қорғау сержанты сигналдың өрт сөндіру бөліміне түскеніне көз жеткізді. Содан кейін ол пәтерде адамдар бар-жоғын сұрады. Көршілер үш және алты жастағы екі бала бар екенін айтқан.

Өрт сөндіруші келесі кіреберіс арқылы үшінші қабатқа көтерілді. Пәтер иесі Рауан Майкотовты балконға жіберген. Бір қолымен қоршаудан ұстап тұрған ер адам терезені ашып, жанып жатқан пәтерге кірген. Жас жігіт шошып кеткен балаларды балкондағы көршісіне тапсырған. Осы уақытта келген өрт сөндірушілер өртті сөндіре бастайды.

«Мен бөлменің бұрышында екі баланы көрдім. Ойлануға уақыт болмады, мен нұсқауларды автоматты түрде орындадым. Екі баланы құтқаруға көмектесе алғаныма қуаныштымын», - дейді Рауан Майкотов.


Соңғы жаңалықтар