Балқаш Аралдың тағдырын қайталамауы тиіс - Халықаралық «Аралды құтқару» қорының директоры М.Оспанов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Балқаш-Алакөл бассейндік кеңесінің 18-мәжілісі өтті. Отырыста Қазақстанның жауһарлары - Балқаш пен Алакөл көлдерінің экологиялық ахуалы мен болашағы талқыға түсті.

Жиналғандар Балқаштың басындағы басты проблема - құйылатын судың жылдан жылға азайып бара жатқанын айтып дабыл қақты.

«Іле трансшекаралық өзенінің ресурстарын пайдалану мәселелері өте өзекті болып отыр. Іле өзені Балқаш көлінің ірі күретамыры болып табылады және таза өзендік су ағынының 80 пайызын қамтамасыз етеді. Іледен келетін судың арқасында көл деңгейі экологиялық тұрғыдан тұрақты болып отыр. Сондай-ақ, Орталық Азия өңіріндегі шөлейттену үдерісінің алдын-алуда. Дегенмен, қытай тарапынан суды жинаудың тұрақты артуы және өзендегі су сапасының төмендеуі Балқаш-Алакөл бассейнін экологиялық апатқа ұшыратуы мүмкін», - деді «Балқаш-Алакөл бассейні» инспекциясының басшысы Серікқали Мұқатаев.

Балқаш-Алакөл бассейнінің аумағы 450,0 мың шаршы шақырымға жуық ауданды алып жатыр, оның ішінде 50 мың шаршы шақырым аумағы Қазақстан Республикасының шекарасында. Оның әкімшілігіне Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының жеке аудандары кіреді, оның шеңберінде коммуналдық шаруашылық, тау-металлургиялық өнеркәсіп, машина құрылысы, гидроэнергетика және тамақ саласының кәсіпорындары дамып отыр.

Мамандардың айтуынша, су ресурстарының азаюына жергілікті тұтынушылардың суды ысыраппен пайдалануы да әсер етуде. Су көздерінен алынатын таза судың 80 пайызы жыл сайын ауыл шаруашылығы қажеттілігіне шығындалады. Сонымен қатар бассейн экожүйесінің ластануы және бұзылуы да орын алуда. Жиналғандар осы мәселелерді шешу үшін су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру және өңірдегі суды пайдалануды оңтайландыру қажеттігін атап өтті.

Аталған мақсатта ұйымдастырушылар Алматы облысының су пайдаланушыларына арнап 2 күндік семинар өткізбек.

Мамандар шұғыл шараларды қолға алмаса, Балқаш та Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін екендігіне алаңдаулы.

«Арал кезінде үлкендігі бойынша еліміздегі 4-ші су қоймасы болатын. Оның тереңдігі 53 метрге жететін еді. Қазір ол көрсеткіштен 38 метр ғана сақталды. Халқының әлеуметтік жағдайы нашарлап, экологиялық аухалы ушықты. Оған құятын өзен суының шектен тыс ирригацияға пайдаланылуы көк теңіздің тартылып кетуіне әкеп соқты. Балқаштың басына да осындай қауіп төніп тұр. Бұл - Қазақстанның жауһары. Оны сақтап қалуымыз керек», - деді Халықаралық «Аралды құтқару» қорының директоры Медет Оспанов.

Мәжілісте Алматы облысы әкімшілігі, Алматы облысы табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасының «Үшқоңырирригация» МБ шаруашылықты жүргізу құқығындағы СШ МКК, сонымен қатар ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінің «су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу бойынша Балқаш-Алакөл бассейндік инспекция РМБ арасында бассейндік келісім жасалды.

Сондай-ақ, алқалы жиында шығарылған қорытынды ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне ұсынылып, Үкіметтік деңгейде қаралмақ.

Соңғы жаңалықтар