Балиде туристерге мотоциклдерді жалға алуға тыйым салынбақ

None
Фото: GETTY IMAGES
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бали аралының билігі елде соңғы кезде жол-көлік оқиғасының жиілеуіне байланысты шетелдік туристердің мотоцикл пайдалануына тыйым салуды ұсынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC сілтеме жасап.

Оның орнына туристер турагенттер ұсынған көліктермен жүреді. Бұл жоспар айналасында түрлі пікірлер айтылып жатыр, себебі коронавирус салдарынан шығынға батқан туризм саласы енді қайта қалпына келіп жатқан болатын.

Жергілікті полиция мәліметінше, ақпанның соңынан наурыздың басына дейін 170 шетел азаматы аралдағы жол қозғалысы ережесін бұзған.

«Егер сіз турист болсаңыз, өзіңізді соған сай ұстаңыз», деп мәлімдеді Бали губернаторы Вайан Костер. Балиге келген шетелдік туристер қоғамдық көлік жүйесі дамымаған аралда мотобайктарды жалға алғанды құп көреді. Қос доңғалақты көлік кептеліс кезінде де, одан тыс уақытта да көрнекті жерлерді аралауға өте ыңғайлы құрал. Болжам бойынша, тыйым биыл жергілікті заң аясында енгізіледі, бірақ әзірге ол қалай қолданылатыны белгісіз. Кейбір туроператорлар мұндай тыйымның кәсіптеріне әсерін ойлап, алаңдап отыр. Провинцияның статистика басқармасының мәліметі бойынша, 2023 жылдың қаңтарында ең көп турист Аустралиядан – 91 мың адам келген. Ресей екінші орын алады. Осы айда 22 мың Ресей азаматы Балиге саяхаттаған.


Соңғы жаңалықтар