Балет әртістерінің зейнеткерлік жасын төмендету қажет пе

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы балет әртістерінің зейнеткерлік жасын не себепті төмендету қажеттілігін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова балет әртістері мен үрлемелі аспап музыканттарының жұмыс ерекшелігі мәселесін көтерді.

«40-50 жасқа толған балет әртістерінің балет партияларын орындағанын елестету қиын. Үрлемелі аспап орындаушылары да 45 жастан кейін кәсіби сырқатқа шалдыға бастайды. Министрлік мәдениет қызметкерлерінің жекелеген санаттары бойынша зейнетақысын жеңілдікпен қайтару мәселесін қарау немесе өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр ма?», - деп сауал жолдады депутат ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыповаға.

Өз кезегінде вице-министр мекеменің балет әртістері мен оркестр қызметкерлерінің зейнеткерлік жасын төмендету мәселесін қарастырмағанын жеткізді.

Сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы балет әртістерінің зейнеткерлік жасы мәселесінің материалдықтан бұрын, моральдық жағы бар екенін атап өтті.

«Балетте шамамен 40 жасқа дейін өнер көрсетуге болады. Қырықтан кейін сахнаға шығудың өзі күлкілі. Әрине, оларды далада қалдырмайды және ақшасыз қалдырмау үшін штатта ұстайды. Штат шектеулі болғандықтан, жас таланттардың жолын бөгеп отырмыз», - дейді министр.

Министрлік басшысының айтуынша,  50 жасында жалақы алып, бірақ сахнаға шықпайтын әртістер өздерін масыл сезінеді.

«Көптеген жасы келген балет әртістері өз еріктерімен жұмыстан кетеді. Штатта тұрғанша, басқа іспен айналысайын дейді. Өмір бойы бір мамандықты, балетті меңгерген адам әрине, экономист болып кетпейді. Үрлемелі аспап орындаушыларының да жағдайы осындай. 60 жаста керней, тромбонда ойнау - физиологиялық тұрғыда мүмкін емес. Сондықтан, олардың кейбірі әкімшілік жұмыспен айналысатын кітапханашы немесе инспектор болып кетеді, бұл жұмыстың өзі бәріне табыла бермейді», - деп атап өтті А.Мұхамедиұлы. 

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Қазақстандағы балет әртістерінің саны мыңға да жетпейді.

«Үрлемелі аспаптар да сол шамада. Олардың саны ел экономикасына шығын келтіретіндей көп емес», - деп өз сөзін түйіндеді министр.

Соңғы жаңалықтар