«Балбала» қуыршағы оқу құралы ретінде Білім министрлігіне ұсынылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Отандық «Балбала» қуыршағының Қазақстан сөрелерінен орын тапқанынан 3,5 жыл өтті. Осы уақыт аралығында отандық өнім нарықта тұрақтай алды ма? Бүгін Алматыда әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина өздерінің төл жобасы - «Балбала» қуыршағы туралы айтып берді.

Әншінің айтуынша, еліміздің ойыншық индустриясында жойқын соғыс жүріп жатыр.

«Алақандай ғана Қазақстанға әлемнің 47 елінен ойыншық әкелінеді екен. Тартысқа толы бәсекеде аман қалуға тырысып жатырмыз. Менің байқағаным, сауда - соғыс, бренд жасау - соғыс, 47 компаниямен соғысып келеміз. Ойыншық - идеология. Біз баламызға «монстр хайларды» ұстату арқылы оларды ұлттық түп-тамырынан ажыратып жатқанымызды байқамай жатырмыз. Ойыншықтың баланың психологиялық, физикалық денсаулығына зияны бар ма? Оны тексеріп жатқан адам жоқ. Ойыншықтар индустриясында орасан жұмыс бар. Оған еш көңіл бөлмеппіз. Монстрлармен балаңыз ойнай келе, немен ойнаса, содан үйренеді ғой. Ұрпақ тәрбиесі - Болмановтың ғана емес, үкіметтің, елдің ойланатын мәселесі. «Балбала» ұлттық брендін осы мақсатта қазылып жатқан құдық, өсіп келе жатқан шыбық деуге болады», - деді әнші.

Қыдырәлі Болманов өз өнімінің сапасына 150 пайыз жауап бере алатындығын айтты.

«Мен өз ойыншығымның сапасына толығымен жауап бере аламын. Оны бала, тіпті, шайнап жұтса да зияны тимейді. Ал түрлі «Монстр хай» мен «Барбилер» үшін барахолка жауап бермейді. Ертеңгі күні балаңыз ауырып жатса, сіз кімге жүгінесіз?» - деді әнші.

Биыл өндірушілер «Балбала» қуыршағын оқу құралы ретінде білім министрлігіне ұсынып, интерактивті білім беру құралы ретінде тіркеуге өтініш беріп жатыр. Өйткені, қуыршақ кішкентай досына қазақша ән айтып, санап, тіпті қайырлы түн тілеп, жуыну туралы ұмытпауын ескертіп, кішігірім сұхбат жасай алады.

«Біз кітапты ғана білім құралы деп түсінеміз ғой. Заман өзгерді. Креативті ойлардың заманы туды. Енді балаға ойыншық түрінде оқыған қызықтырақ», - деді Қ.Болманов.

Ақпанда болған теңгенің құнсыздануы «Балбала» өндірісіне де өз салқынын тигізді. Компания иелерінің айтуынша, девальвацияның бар соққысын олар өз үделеріне қалдырып, қуыршақтардың бағасын қымбаттатпауды ұйғарған.

«Биыл негізі сатылым көлемі артуы керек еді. Девальвация үлкен кедергі болды. Аренда мен шикізат бағасы да көтерілді. Сатылымды кеңейту керек. Салық төлейміз, жүздеген жұмысшыға жалақы береміз. Алайда, ұлттық мүдде жолында алға қойған жоспарларымыз өте үлкен көп. Монстр хайлармен күресте өліспей беріспейтін қазақтардың біріміз. Мен білемін, түптің түбінде біздің өнім халықтың сенімін жаулайтын болады. Оның қайтымы да орасан болмақ», - деп қорытындылады сөзін Болманов.

Соңғы жаңалықтар