Баласын ұрып талдырған әке неге 5 жылға сотталды - судья түсінік берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Еркін Майшинов Мұрат Асқароғлыға қатысты сот үкімін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұрат Асқароғлы ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлімі 3-тармағымен айыпты деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты.
«Алқа билер мен сот көпшілік дауыспен Мұрат Асқароғлыны бала денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп тапты. Оған кісі өлтіруге оқталды деген айып тағылған болатын, алайда алқа билер мен сот оның іс-әрекетін одан гөрі жеңілдеу қылмыс деп танып, Мұрат Асқароғлыға кісі өлтіруді ойламастан, ауыр дене жарақатын келтірді деген айып тақты», - деді Еркін Майшинов сот үкімін түсіндіріп.
Сот отырысы алқа билердің қатысуымен өтті.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 16 шілде күні Одесская және Брянская көшелерінің қиылысында болған. Тұрғындар тал түбінен 4,5 жасар баланы тауып алған. Бала шала-жансар күйінде шұғыл ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды.

Алматы полициясы жантүршігерлік оқиғаға күдікті ретінде баланың әкесін ұстады. Мұрат Асқароғлы өзінің кінәсін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұрады.

Ер адам мастықтан есеңгіреп тұрғанда баласының қыңқыл-сыңқылын көтере алмай, таспен самайынан бір-ақ ұрған.

Мұрат Асқароғлы ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімі 3-тармағымен («Дәрменсіз адамды өлтіруге оқталғаны үшін») және ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімімен айыпталуда.

Судья бұл істі тоқтатып, қайта тергеуге жіберген болатын. Биыл сәуірде іс қайта жалғасты.




Соңғы жаңалықтар