Баласын тастап Кореяға жұмысқа кеткен қызылордалық әйелге сот үкімі шықты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада дамуы артта қалған тоғыз жастағы баласын танысына қалдырып, Кореяға жұмысқа кеткен әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлім болғанындай, Қызылорда қаласындағы шеткі аймақта тұратын бала бұрын мектепке бармаған. Оқи да, жаза да алмайды. Сөйлеу қабілеті де шектелген. Оны алғаш жергілікті тұрғындар байқаған. Балаға тамақ беріп, біршама уақыт үйлерінде ұстаған. Оның іздейтін адамның жоқтығы анықталып, тұрғындар полицияға хабарласқан.

Полиция оны қамыс ішінде ойнап жүрген жерінен тапты. Мән-жайды анықтағаннан кейін оны кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.

Кейіннен белгілі болғанындай, оны анасы тастап, Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен көрінеді. Әкесі былтыр қайтыс болған. Бала әйелдің бұрынғы күйеуінің қарауында қалған. Психологиялық, медициналық-педагогикалық комиссия баланың дамуы артта қалғанын анықтаған.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баласын тастап кеткен әйелге қатысты үкім шығарды.

Соттың баспасөз қызметінің хабаралуынша, анасы кәмелетке толмаған баласына қатысты ата-аналық құқығынан айырылды.

Жеткіншек Қызылорда қалалық білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық жөніндегі міндеттерді жүзеге асыратын органның қамқорлығына берілді.


Соңғы жаңалықтар