Баласын таспен ұрып талдырған әкенің соты: куәгерлер сұралды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда баласын таспен ұрып талдырып кеткен Мұрат Асқароғлының соты қайта жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі отырыс барысында бірнеше куәгер сұралды. Олардың бірі сол күні жол апатын көргенін айтты.

Наргиз Пашаева мектептегі жұмысына автобуспен бара жатқанда жолда көлік апаты болғанын көрген. Жолда автобусты полиция тоқтатып, жол апатын көргендер бар ма деп сұраған. Алайда жолаушылардың барлығы үндемей қалды.

«Үйден шықтым. Аялдамада 5-6 минут автобус күтіп тұрдым. №37 автобусқа отырған соң 200 метр қашықтықтан соң жолдың сол жағынан үлкен қара машинаны көрдім. Қасында екі адам болды. Жерде кішкентай бала жатты. Жол полициясы да болды. Бірақ, олар алыста тұрды. Үйге келген соң бәрін үйдегілерге айтып бердім. Сол күні жұмыстан кешіктім», - деді Наргиз Пашаева.

Сонымен қатар, сотта сараптама органының қызметкерінен жауап алынды. Тергеу материалдары бойынша молекулярлы генетикалық сараптама қорытындысымен таныстырды.

«Жапа шеккен бала мен сотталушының қан тобының үлгісін молекулярлы сараптамадан өткіздік. ДНҚ нәтижесі көрсеткендей, тас пен велосипедтегі қан баланыкі болып шықты. Ал бұл заттарда сотталушының қан үлгісі жоқ», - деді сараптама қызметінің қызметкері.

Мұрат Асқароғлы ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі 3-тармағымен (дәрменсіз адамды өлтіруге оқталғаны үшін) және ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімімен айыпталып жатыр.

Қылмыстық іс 6 томнан тұрады. Сот барысында 6 куәгер сұралады.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 16 шілде күні Одесская мен Брянская көшелерінің қиылысында болды. Тұрғындар тал түбінен 4,5 жасар баланы тауып алған. Бала шала-жансар күйінде шұғыл ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Алматы полициясы жантүршігерлік оқиғаға күдікті ретінде баланың әкесін ұстады. Мұрат Асқароглы өзінің кінәсін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Ер адам мастықтан есеңгіреп тұрғанда баласының қыңқыл-сыңқылын көтере алмай, таспен самайынан бір-ақ ұрған.

Қалалық мамандандырылған қылмыстық сот Мұрат Асқароғлын ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімі және 99-бабының 2-бөлімі бойынша қамауға алған болатын.

Соңғы жаңалықтар