Баласын Ресейде тұратын анасына жібермей қойған: Астана соты үкім шығарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ажырасқан отбасының азаматтық талап-арызы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соттан мәлімдегендей, әйелі мен күйеуі 2020 жылы ажырасқан. Алайда, бұл уақытқа дейін некеде туған баланың қайда тұратыны туралы мәселе шешілмеген. Ал бүлдіршін Ресей Федерациясының азаматы саналады және сол елде анасымен бірге тұрып келген.

«Ресей Федерациясының азаматы болып табылатын кәмелетке толмаған бала демалыста анасының келісімімен Қазақстанға әкесіне келген. Бірақ бала анасына қайтып оралмаған. Сот әкесінің баланы Қазақстан аумағында заңсыз ұстағанын анықтады», - делінген соттың ресми сайтында жарияланған хабарламада.

Белгілі болғандай, бұл істі қарау кезінде сот 1980 жылы 25 қазанда қабылданған Халықаралық деңгейде бала ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенцияны басшылыққа алды. Қазақстан бұл конфенцияға 2012 жылы қосылған.

Оған сай, жауапкер азамат баланы анасына қайтаруға міндеттелді. Сот үкімі заңды күшіне енді.


Соңғы жаңалықтар