«Balapan» арнасының жаңа маусымында қандай бағдарламалар көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 наурыздан бастап, «Қазақстан» РТРК» құрамына енетін «Balapan» телеарнасының көктемгі маусымы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа маусым аясында 9 жаңа тележоба көрерменге жол тартады.

«Жаңа маусымда телеарна ғылым саласына ден қойып отыр. IT технологиялардың қыр-сыры мен ғылыми тәжірибелер «Жас ғалым» атты жаңа танымдық бағдарламада көрініс табады. Ал әкесі мен ұлының арасындағы қызықты ойынға құрылған «Бала боп», танымал блогер аналар мен балалары қатысатын «Үйдеміз - үйренеміз» жобалары көрермендерге уақытты тиімді әрі пайдалы өткізудің үлгісін көрсетеді», - делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Сонымен қатар, телеарна өнер-білім, спорт салаларындағы үздік балалардың жеңіске жету жолын бақылайтын «Күнделік» бағдарламасы көрерменге жол тартады. Меймандарға таныстырылған кезекті бір жоба - «Қаламгер кітапханасы». Аты айтып тұрғандай, бұл хабар танымал ақын-жазушылардың кітапханалары мен үздік туындыларының жазылу тарихымен таныстырады.

Жаңа маусымдағы тағы бір ерекше бағдарламалардың бірі - «Мүмкіндік».  Жобада балалар бір күн бойы түрлі кәсіп иелерімен, олардың жұмыс барысымен таныса алады.

Тағы бір айта кетерлігі, көктемгі маусымда арнаның кішкентай жиһанкез көрермендері «Саяхатшы balapan» жобасына өздерінің шет елге саяхаты жайлы шағын бейнеүзіктер әзірлеп, жолдай алады. Осылайша балалар да арнаның контентін жасауға тікелей атсалысады. Сонымен бірге, телеарна тарихында тұңғыш рет ата-аналарға арналған тікелей эфирдегі «Bala time» бағдарламасының тұсауы кесіледі.

Соңғы жаңалықтар