«Balapan» арнасы жаңа телебағдарламаларын таныстырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «Balapan» телеарнасы күзгі жаңа маусымда көрермендеріне 11 анимациялық жоба, 5 бағдарлама және 4 телесериал ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазмедиа орталығында «Қазақстан» телерадиокомпаниясының жаңа маусым таныстырылымында айтылды.

Атап айтқанда, балаларды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелейтін «Отанға қызмет етемін!» тұңғыш әскери реалити-шоуы, елімізде тіршілік ететін аң-құстармен танысуға мүмкіндік беретін «Жан-жануарлар әлемі» бағдарламасы, салауатты өмір салтын насихаттайтын отбасылық «Толағай» спорттық сайысы, балаларға пайдалы лайфхактар ұсынатын «5 минут» жобасы және ең кішкентай көрермендерге арналған «Тәй-тәй шоудың» екінші маусымы эфирге шығады.

Сонымен бірге, «Ауыл жұлдыздары» мен «Достар» телесериалдары да өз көрермендеріне жол тартады. Олардың бірі қызыққа толы ауыл өмірін суреттесе, бірі - адал достықты дәріптейді. Арна көрермендері сүйіп тамашалайтын, әзіл-қалжыңға толы ситкомдар - «Сынық сынып» пен «Немене» де маусым жаңалығы болмақ.

«Balapan» бірнеше анимациялық жобалармен де қуантуға әзір. Олардың қатарында әлемге танымал жазушылардың ертегілерін анимация тілінде сөйлететін «Ғажайып әлем», шытырман оқиғаға толы «Күлкі іздеген Күнекей», атты алғаш ерттеп мінген ата-бабаларымыз жайлы аңызды негіз еткен «Пырақтар», жақсылық жасап жарысуды көздеген «Қызыл мен Күлгін» жобалары бар. Балалардың көгілдір экрандағы достарына айналып үлгерген төл суперқаһармандар да өз көрермендерімен қайта қауышады. «Айдар», «Дала ойындары», «Ертемір» мультхикаяларының ІІІ маусымы басталады«, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, телеарнаның «0+» көрермен аудиториясына арналған «Сәби», «Тынымсыз шөжелер», «Оқиға» және «Ағаш ат» анимациялық жобалары көрсетіледі.



Соңғы жаңалықтар