Балаңызға қадамын айыптамайтын ең жақын дос болыңыз – маманмен сұхбат

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Әр ата-ана бауыр еті баласының болашағы жарқын болуын тілейді. Бірақ ол үшін перзентінің бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, оқу-білімге деген құштарлығын оятудың жолдарын білетіндер ілуде біреу ғана. Шынын айтқанда, қазіргі заманның баласын интернет, қоршаған орта тәрбиелеп жатыр. Бұл ертең ата-ана мен бала арасында сыйластықтың, сырластықтың болмауына әкеліп соғады. ҚазАқпарат тілшісі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Оратор Өскемен» клубының тренері Гүлбаршын Абылғазиновамен сұхбат құрды. Ол бізге баламен үзілмес байланыс орнатудың жолдарын айтып берді.

- Қазір ата-ана мен бала арасында диалог жоқ. Балалар әке-шешесімен емен-жарқын сөйлесуден қалып бара жатқандай. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

- Бала тәрбиесіндегі ең алғашқы алтын ұя – отбасы. Балабақша да, мектеп те перзентімізді саналы, салиқалы етіп тәрбиелеуге міндетті емес. Ең әуелі әрбір баланы жақсы құндылықтарға баулып, оның бойындағы асыл қасиеттері мен қырларын ашып, махаббатқа бөлейтін, мейірімге қандыратын – ата-ана. Бүгінде отбасындағы кең тараған олқылықтың бірі, ол - ата-ананың бір-бірімен және баламен сөйлеспеуі, қарым-қатынастың болмауы. Бала қарым-қатынас арқылы айналасындағы дүние жайлы мәлімет алады, өмірге машықтанады, түрлі құндылықтарды меңгереді.

Қазіргі балалар – цифрлы дәуірде туған балалар. Елімізде балалардың 35 пайызға жуығы күніне екі және одан да көп сағат теледидар немесе компьютер экранына телміреді екен. Оған, смартфонды қосыңыз... Бала тұрмақ, ата-ананың өзі ананың әлдиін, кітапты, тіпті ойынды да телефондағы қызықты әрі әсерлі дүниемен алмастырып жіберді.

Бала мультфильм қараса немесе сабақ оқып отырса да, ата-ана үй шаруасын атқарып жүріп те перзентіне көңіл бөле алады. Ең бастысы, ниет пен дұрыс қадам болса болғаны. Мәселен, сабақ оқып отырған баламен тілдесіп, үлгерімі жақсы ма, қандай өзгешеліктер болып жатыр, баланы не қызықтыруы мүмкін, қай пәнді меңгеру оған қиынырақ тиіп жүр, қандай тақырыптар қызықты деген сұрақтардың жауабын білуге тырысу керек. Мұны ол сөйлесу, әңгімелесу арқылы ғана біле алады. Осындай қарым-қатынас болмағанда бала еріксіз телефонға телміреді.

Ана – балаға мейірім мен нәзіктікті сіңіреді, әке – қорғаныш пен сенімділікті дамытады. Ата-ана мен бала арасында диалогтың жоқтығы - телефонға көп үңілуден, ұрпақ алдындағы ата-аналық жауапкершіліктің болмауынан, балаға жеткілікті уақыт бөлмеуінен деп ойлаймын. Мұның соңы үлкен проблемаға ұласуы мүмкін.

- Неге бүгінгі заманның балалары ойын анық жеткізе алмай барады?

- Бала тілі – бал деп жатамыз. Сол балалар ойын неге анық жеткізе алмайды деген сұраққа менің айтар жауабым, бала кітап оқымайды, сондықтан ойы жұтаң, тілі қысқа, қиялы дамымаған...

Шын мәнінде балаңыздың сөйлеу қабілеті қандай? Ойланып көрдіңіз бе? Үйде қолды-аяққа тұрмай шапқылап жүрген гипербелсенді балаңыз басқа ортаға барса неге сөйлемейтін жуас күйге түсе қалады? Бала неге оқып барған сабағын жеткізіп айта алмай жатады? Баламыз сөйлеу үшін біз қалай тыңдау керекпіз?

Телефонға тәуелді болып қалған балақай сырт өмірге сығалап қана қарайды. Басында баласының телефон ұстап, оның ішіндегі түрлі функцияларға өзі кіріп үйренгеніне қуанған ата-ана, енді сол баласынан смартфонын қайтып ала алмай қапаланып жүр. Бұл дабыл қағарлық мәселе...

- Балалардың есте сақтау қабілеті нашарлап бара жатқан секілді. Оқыған сабағын, жаттаған тақпағын тез ұмытады. Баланың есте сақтау қабілетін жақсарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Бүгінгі ақпарат заманында баланың есте сақтау қабілетін жақсарту өте маңызды. Бұл сауалға бірнеше кеңеспен жауап бере кетейін:

• Егер балаңыз оң қолмен жазса, сол қолымен жазу жаздырып, сурет салғызыңыз және тісін де сол қолмен жуып тұруды әдетке айналдыру керек. Ал егер солақай болса керісінше жасатыңыз. Сонда мидың екінші жартысы дағдыланып, есте сақтау мен ойлау қабілеті жақсара түседі.

• Бала мектепке немесе балабақшаға бара жатқанда жолда көрген 3 адамның киген киіміне назар аударып, есте сақтап алсын деңіз. Сөйтіп кешке сұрап есіне түсіріңіз.

• Алфавитті соңынан басына айтуды үйретіңіз.

• Фильм, мультфильм қарап болған соң соның желісі бойынша сұрақ қойып, талқылаңыздар. Кітап бойынша жазылған болса, кітабын оқытып сценариін салыстыру керек.

• Күн сайын кітап оқуды әдетке айналдыру қажет. Кем дегенде аптасына 1 кітап. Сонда 1 жылда - 52 кітап, 10 жылда 520 кітап оқиды бала.

• Егер шынымен керемет есте сақтау қабілеті болсын десеңіз, балаға күнде бір өлең жаттатқан жөн. Аптасына 1 өлең, жылына 52 өлең.

• Көру арқылы есте сақтау қабілетін жақсарту үшін үстелге 6-7 шақты затты немесе картинкаларды қойып, балаға көріп алу үшін 10 секунд уақыт беріп, 1 немесе 2 затты алып тастап, «жоғалған» затты табуды сұрайсыз.

Бұл әрекеттерді жүйелі түрде жасап көріңіздер. Нәтиже болары сөзсіз.

- Баланы шешендік өнерге баулудың жолдары, әдіс-тәсілдері қандай?

- Шешен сөзі қазақ тілінде сөзшең, айтқыш, тапқыр, суырып салма, ділмар, қызыл тілге жүйрік дейтін сөздермен қатар қолданылады. Шешен сөзін халықаралық терминмен атасақ «оратор» деген сөз. «Оратор» латынның «очаче» - «айту» , «сөйлеу» деген сөзінен шыққан. Кез келген адам шешен бола ала ма? Осы сұрақтың төңірегінде таласты пікірлер көп. Біреулер ол Алланың берген сыйы, таланты жаратылысынан болады десе, екіншілері шешенге қажетті қасиеттерге өзіңді дамытумен, тәрбиемен, көп оқумен жетуге болады дейді. Бұл бүгінгі күннің таласы емес, шешендік өнер тарихында үнемі туып келе жатқан сұрақ. Көне Римнің мыңдаған жылдар бұрынғы әйгілі шешені Марк Туллий Цицерон айтқан: «Ақын болып туады, шешен болып шығады».

Енді, баланы ел алдында еркін сөйлету үшін қойылатын басты талаптардың бірі – өз-өзіне сенімділікті қалыптастыру. Көп адамның бойындағы комплекс, жасықтық, мидағы шектеу балалық кезеңде пайда болады. Әңгімелесу барысында менің аңғарғаным, көптеген адамдардың ел алдында еркін сөйлей алмау себебі – бала кездегі травма.

Бала – өте нәзік әрі сезімтал. Оның жанын жаралап алу оп-оңай, алайда осы бір жара өмір бойы сыздап жүруі ғажап емес. Бала кезінде шешілмей қалған мәселелердің салдары ер жеткен кезде кейбір психикалық ауытқуларға негіз болатынын ұмытпаңыз. «Сенің қолыңнан түк келмейді», «Елдің баласын қарашы», «Сен адам болмайсың» деген сияқты сөздерді айту арқылы балаңыздың болашағына балта шабуыңыз мүмкін.

Мен жұмыс істейтін А.С. пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Оратор Өскемен» атты қазақ тілінде жүргізілетін клуб бар. Балаларды көпшілік алдында сөйлеуге баулимыз. Өз курстарымда ең алдымен топта отырған балалармен әңгімелесемін. Әрқайсысын тыңдаймын. Сұрақтар қоямын. Сондағы байқайтыным, барлық адамның топ алдында сөйлеуіне кедергі келтіретін, ол – қорқыныш, өзіне деген сенімсіздік. Алдымен осы блоктарды шешуге тырысамыз.

Балаларды мектеп табалдырығын аттағаннан бастап дұрыс сөйлеуге, дұрыс ойлауға, сөздің мағынасын түсінуге тәрбиелеу – мектептегі мұғалімнің міндеті, ата-ананың парызы. Балаларды шешендік өнерге баулудың жолдары: мақал-мәтел жаттату, сөзді анық айтып үйрену үшін - жаңылтпаш жаттату, мәнерлеп өлең оқыту, сөздік қорды байыту үшін - оқиғаны баяндауды үйрету, ертегі құрастырту, тапқырлыққа баулу (импровизация) және тағы басқа. Әртүрлі танымдық ойындар ойнату – баланың ой-өрісін кеңейтеді, әңгімеге араласуға, көрген-білгені туралы ата-анасына, достарына әңгімелеп беруге итермелейді.

Курс барысында дұрыс тыныс алу және артикуляциялық жаттығулар, паразит сөздерден арылу, сахна мәдениеті, сөздік қорды молайту жолдары үйретіледі. Кейде ата-аналар балаcымен ересектермен сияқты сөйлеседі. Ұзын әдеби сөйлемдерді қабылдау балаға қиынға соғады. Сол секілді қатты еркелетіп, тілін бұрап, шолжаңдатып сөйлесуге де болмайды. Баламен әңгімелескен кезде «Кеттік, далаға шығамыз!», «Ұйықтайсың ба?», «Маған үлкен допты әкеліп берші» дегендей анық сөздерден құралған қысқа қарапайым сөйлемдерді қолдану керек. Баланы кітапқа, шынайы өмірге, шығармашылыққа шыңдап, балалық шағына балта шаппай, тілін тауып тізгіндеуді ойластырған дұрыс.

- Бала айналасындағылармен жақсы қарым-қатынас құра білуі үшін қандай қабілеттерді бойына сіңдіру керек?

- Көптеген ата-ана бір мезгілде қатал да мейірімді бола білу, өз баласының алдындағы ата-аналық биігінен түспей, оған қалайда ең жақын досқа айналу жайын ескере бермейді. Балаңыз үшін керек кезде ақыл қосатын, оның қадамдарын айыптамайтын ең жақын досына айналыңыз. Өзін және оны қоршаған адамдарды жақсы көруге үйретіңіз. Бұл оны өзіне өте сенімді адам ретінде қалыптастырып, қоршаған ортамен байланысын жолға қоюға көмек береді.

Баланы әр кезде оның көзіне қарап тұрып, мұқият тыңдаңыз, өйткені тек сол сәтте ғана ішкі жан дүниесі мен өзін алаңдатқан мәселеге сіздің бей-жай қарамайтыныңызға сенімі болады. Бос уақытыңызды үнемі балаңызбен өткізуге тырысыңыз. Ондай сәттер баланың өзіндік орнын сезініп өсуге мүмкіндік береді. Оның таңдауы мен пікіріне құлақ түріңіз. Тіпті сіз онымен келіспейтін болсаңыз да, еш уақытта сынай жөнелмеңіз.

Балаңыздың болашақта шыңдарға шығып, биік белестерді бағындырғанын қаласаңыз оған күн сайын мотивациялық сөздер айтып отырыңыз. Еш уақытта «сенің қолыңнан келмейді, қой істей алмайсың, бүлдіресің, тиіспе» деген секілді сағын сындыратын сөздер айтпаңыз. Енді ғана өсіп келе жатқан, әке-шешесінен қолдау күтетін балаға бұл сөздер кері әсер етіп, бүкіл өміріне зияны тиюі мүмкін.

Әрқашан тек жақсы сөз айтып жүріңіз, ауыздан шыққан әрбір сөз балаңыздың тағдырына әсер етіп кетуі ықтимал. Сондықтан тіліңізге сақ болғаныңыз жөн. «Бастық боласың», «Министрім менің», «Президентім менің» деген секілді сөздермен еркелетсеңіз расымен де балаңыз үлкен биікке шығады.

Егер сіз шын мәнінде жауапкершілігі жоғары, қоғамға сыйлы, табысты азаматты тәрбиелеп шығарғыңыз келсе, ешқашан өзіңізді кінәлап, өкінішке ұрынбас үшін, бар мүмкіндікті қолдануға тырысыңыз, сонда ғана өз перзентіңізбен мақтана алатын боласыз.

- Баланы кітап оқуға машықтандырудың жолдары қандай?

- «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп дана Абай айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітапқа деген құштарлықты ояту – бұл тек кітапханашының жұмысы емес. Кітап оқуға қызығушылық ерте балалық жастан қаланады. Балаға бір жасынан-ақ кітап ұстатып үйреткен дұрыс. Яғни, ол сәби кезінде кітапты көруі тиіс. Баланы кітапқа қызықтыру үшін суретті, санамақ кітаптардан бастау керек. Үнемі газет-журнал, кітап оқып отырған ата-ананы көрген бала да кітапқа қызығып өседі. 4-5 жастан бастап әңгіме, ертегілер оқуға болады.

Балаға кітап оқуды үйретудің алғышарттары:

1. Кітаптың құдіретін ұғындыру. Оны жыртпауға, тік отырып оқуға үйрету. Авторының кім, не жайында, қай жылы, қайдан шыққаны туралы білуі шарт.

2. Кітапты түсінбей құр оқудан сақтандыру керек. Талғап оқуға, оған көзқарасын білдіре алуға, қысқаша фабула жазуға үйреткен абзал. Фабула - баяндалатын оқиғалар желісінің қысқаша мазмұны.

3. Оқыған кітабының ішінде түсінбеген сөзді, мақал-мәтелді теріп жазып алуға арнайы дәптер аштыру керек. Осыдан баланың еңбек етуге құлшынысы туады, зейіні артады, талғамы өседі, көп оқуға тырысады, сөздік қоры молаяды.

Америкалықтар «барлық бала жақсы компьютер болмауы мүмкін, бірақ барлық бала керемет «ксерокс» дейді. Бала ата-анасынан көргенін істейді. Сондықтан бала кітап оқуы үшін, өзіміз кітап оқиық ата-ана!


Соңғы жаңалықтар