Баланың интернетте не көріп отырғанына мемлекетпен бірге ата-ана да жауапты - Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет тәулік бойы балалардың қандай сайтқа кіріп отырғанын бақылай алмайды. Бұл салада ата-аналар да өзінің жауапкершілігін сезінуі керек. Бұл туралы «Ашық диалог» бағдарламасында болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, жақында ғана ақтаулық оқушылардың өзінің құрдастарының бірін бағанға байлап қойып, басына айран құйып, жұмыртқа жағып, ұн шашқаны туралы видео тарап кеткен болатын. Осы жағдай қоғамның ішінде біршама дүрбелең туғызған еді. Балалардың осынау қатігездігіне жағымсыз ақпараттардың қоғамда көптеп айтылып жатқаны себеп болып отыр ма? Осы сұраққа «Ашық диалог» бағдарламасында қонақ болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жауап берді.

«Бұл жағдайға қатысты құзырлы органдар істің мән-жайын анықтар деген сенім білдіремін. Қатігездік туралы айтар болсам, бұл жерде терең зерттеу жұмысын жүргізу керек секілді. Бірақ, ақпараттық ағымның балалардың қалыптасуына әсер етіп жатқанын жоққа шығаруға келмейді. Мемлекет өз тарапынан балаларды зиянды ақпараттардан қорғау тұрғысында белгілі бір заңнамалық шараларды іске асырып жатыр. Жуықта ғана балаларды дамуына және денсаулығына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы заңға қол қойылды», - дейді министр.

Аталмыш заңда қатігездікті насихаттайтын компьютерлік ойындарды, аудио-видео өнімдерді таратуға тыйым салынған.

«Өткен жылы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, біз операторларды мектептерге зиянды контенттерден тазартылған интернетті қосуға міндеттедік. Бірақ, мемлекет отырып алып тәулік бойы балалардың қандай сайтқа кіріп отырғанын бақылай алмайды. Ата-аналар балалардың өз топтарында, пабликтерінде не көріп, нені таратып отырғанына жауапты. Бұл - мемлекет пен ата-аналардың өзара жауапкершілігі деп айтар едім», - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар