Баланы перзентханадан шығарарда шоу ұйымдастырған дұрыс емес - атыраулық дәрігерлер

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау дәрігерлері баланы перзентханадан шығарарда шоу ұйымдастырған жұрыс емес деп есептейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық перзентхана дәрігерлерінің айтуынша, ата-аналар өмірге келген нәрестелерді үйіне шығарар алдында шоу ұйымдастыратын болған.

«Күн сайын сағат 14:00-ден бастап жұмыс уақытының соңына дейін перинаталдық орталық алды тойдағыдай у-шуға, қып-қызыл биге, қымбат көліктерге, шоу бағдарламаларға, аниматорларға толады. Ата-аналар, тума-туыс, дос-жаран кішігірім той жасайды. Бірнеше рет ескерту жасалды. Ескертуге қарамастан, думанды той күнде жалғасады. Тұрғындар жаңа босанған анаға, өмірге келгеніне жеті күн толмаған баласына ерекше күтім мен тыныштық керек екенін біле тұра, әншілерді, аниматорларды жалдап, дрон ұшырып, концерт ұйымдастыруды үйреншікті әдетке айналдырып отыр», -деп алаңдаушылық білдірді дәрігерлер.

Дәрігерлердің пікірінше, тұрғындар ұйымдастыратын шоу бағдарламалар медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіреді.

«Біздің орталық – медициналық мекеме. Ғимарат типтік жобамен салынған. Сәбилерді үйіне шығару үшін басқа орын қарастыру мүмкіндігі жоқ. Мұнда тек қуаныш қана емес, басқа да жағдайлар болып жатады. Аналардың бірі сәбиін құшағына алса, кейбір ананың сәбиі жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатады. Әсіресе, 500-700 грамм салмақпен өмірге келіп, 2-3 ай арнайы құрылғыларда оңалтудан өтіп жатқан нәрестелерге тыныштық аса қажет. Даңғырлаған әуеннен сәбилердің тыныштығы бұзылады. Әрине, нәрестені үйге шығару – үлкен қуаныш. Дегенмен, әр нәрсенің өз орны, шегі болуы керек. Перзентхананың алдында той-думан ұйымдастырмай, нәрестені шығарып алуға 2-3 туысы, жақын адамдары келсе... Жылдың төрт мезгілінде болатын ыстық пен суықтың, желдің жайсыз әсерінен ана мен баланы сақтап, үйіне ама-есен жеткізіп, қуанышты өз шаңырағында тойласа, игі іс болар еді», - деп ұсыныс жасады дәрігерлер.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау әкімі ескерткіш маңында көгершіндерге нан қалдығын шашпауды ұсынғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар