Баланы мектепке дайындауға қанша ақша керек - Ата-анадан кеңес

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылына екі апта қалды. Сәлден соң-ақ, базар қатарлары мен дүкендер мектеп формасы мен сабаққа керек-жарақ іздеген ата-ана мен балаларға толады. 

Оқуға қажетті мектеп құралдары мен киім-кешектің ата-ана қалтасына қосымша салмақ болатыны рас. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі баласын бірінші сыныпқа берген ата-ана Айнұр Аманбаевамен тілдесіп, бір баланы мектепке даярлауға қанша қаражат жұмсалатынын есептеп көрді.

«Тамыздың басында дүкендерде жаппай жеңілдіктер болады, сол сәтті пайдаланып, әрі мектеп тауарларын іздеп сабылған ата-аналардың қарбаласы басталмай тұрып, қызымызды ертерек киіндірдік», - деген Айнұр баланы мектепке әзірлеуге қатысты бірнеше ақыл-кеңестерімен бөлісті.

null 

«Астанада мектеп формасына қойылатын бірнеше талаптар бар. Форма қою көк түсті және классикалық стильде болуы тиіс және белдемшелер тізеден 5 см артық аспауы тиіс. Форманы ата-ананың өзі базардан, дүкеннен сатып алады немесе тапсырыспен тіктіре алады. Әріптестерімнің ақыл-кеңесімен мектеп формасын алу үшін Абай көшесінде орналасқан дүкенге бардық және онда жеңілдікпен 2 жейде, кеудеше, жемпір, белдемшені орташа баға - 5 мың теңгеден сатып алдық. Жалпы жинақ 25 мың теңгеге айналды.

null 

Кей мектепте спорттық киімге де ақ футболка, қара шалбар сынды талаптар қойылады. Сондықтан, спорттық киім алмай тұрып, мектепке хабарласып, мән-жайды анықтап алғаныңыз абзал.  Спорттық киімді де ата-ананың өзі әпереді және қызым екеуміз «Балалар әлемі» дүкенінен қою көк түсті шалбар мен жейдені және ақ түсті футболканы жеңілдікпен 6 мың теңгеге сатып алдық.null

Балалар жылдам өсетін болғандықтан, әзірге екі аяқ киіммен шектелдік. Аяқ киім таңдағанда олардың жеңіл әрі ыңғайлы болуына баса мән бердік. Нәтижесінде, екі аяқ киімге 5 мың теңге жұмсадық.

null 

Оқуға арналған керек-жарақ заттарды орталық базардан алған анағұрлым тиімді. Базардың кіре беріс тұсы анағұрлым қымбат, орта жағына барсаңыз, сол тауарларды арзанырақ бағаға табуға болады. «Барлық тауарды менен алсаңыз, 15 теңгелік дәптерді 5 теңгеден беремін» дейтін саудагерлер бар. Ондай оңай олжаға қуанбаңыз. Дәптері арзан болғанымен, саудагердің қалам, бояу, ермексаз сынды өзге тауарлары едәуір қымбатқа түседі. Артық шығынға ұшырамау үшін ерінбей бағаларды салыстырып шығыңыз.

null 

Бастауыш сынып балаларына ең қажетті нәрсе - түрлі-түсті қалам, себебі олар суретті көп салады. Сондықтан, суретке қажетті қалам, альбом, қылқаламдарды көтерме бағамен көптеп алып қойғаныңыз жөн. Кей мектептер күнделіктің сыртында мемлекеттік рәміздердің болуын талап ететін көрінеді, сондықтан бірден көк түсті күнделік алдық. Барлық керек-жарақ құны 6 мың теңгені құрады.

null 

Ата-аналардың көпшілігі мектеп табалдырығын жаңа аттаған балаға дөңгелегі бар ауыр сөмкелерді алып береді. Менің ойымша, оған әлі ерте. Қазіргі оқулықтарды да ауырсынып, қызымызды мектепке өзіміз апарып, өзіміз әкелеміз деп жоспарлап отырмыз. Ақылдаса келе, жеңіл әрі кір жуу машинасымен оңай жуылатын төрт мың теңгелік қызғылт сөмкені таңдадық».   

«Негізгі керек-жарақтардан бөлек, бант, колготки, шұлық, секілді ұсақ-түйек шығындарды қосқанда бір баланы мектепке даярлауға шамамен 52 мың теңге жұмсадық. Ақшаны үнемдеп, жеңілдіктерді пайдаланудың арқасында 52 мың жұмсап отырмыз, әйтпесе өзге таныстарым бір балаға 70-80 мың теңге жұмсағандарын айтып жүр. Ай соңында оқулықтың жайын сұрастырамыз, мектептен берілмесе, оқулықты да өзімізге сатып алуға тура келеді. Қысқы киімдерді де әлі алмадық», - дейді А.Аманбаева.

 Еске сала кетсек, жыл сайын 1 тамыз - 30 қыркүйек күндері Қазақстанда «Мектепке жол» акциясы жүргізіледі. Акция аясында елімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда өмір сүріп жатқан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Өткен жылы 320 мың бала 2 млрд 460 миллион теңге болатын тиісті мектеп құралдарымен, киім-кешектермен (мектеп формасы, спорт киімдері, аяқ киімдер және т.б.) қамтамасыз етілді.

Соңғы жаңалықтар