Балаларына алимент төлемеген елордалық қамауға алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада алимент төлемеген әке қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының ақпаратына сәйкес, 2015 жылы азамат Б.-ның ай сайынғы жалақысының үштен бір бөлігін кәмелетке толмаған балаларына беру туралы сот үкімі шыққан. Алайда, жауапсыз әке сот шешімін орындамаған. Осылайша, 2019 жылдың 3 қазанына дейін алимент бойынша қарызы 3 млн теңгеден асып жығылған.

«Сот отырысында Б. өз кінәсын мойындады. Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен азамат Б. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 669-бабы 1-тармағына (Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актілері мен орындауға жататын құжатты орындамау) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 тәулікке қамауға алынды», - деді қалалық соттан.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Әділет министрі Марат Бекетаев алимент төлеушілерге арналған көмек қорын құру мәселесін көтерген болатын.

«Қордың тұжырымы шет мемлекеттердің тәжірибесіне негізделіп отыр. Әлем елдерінің тәжірибелерін терең талдадық. Мәселен, Финляндияда өмірдің қиын кезеңіне тап болған (мысалы, ауырып қалған немесе жұмыстан шығып қалған) алимент төлеушілерге көмектесетін қор бар. Ол елде борышкерлер қордан ақша алып, берешегін өтеп, жағдайы жақсарғаннан кейін қайтадан қорды толтыруға міндеттелген», - деген болатын Марат Бекетаев Әділет министрлігінде өткен дөңгелек үстелден кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Осы дөңгелек үстелде атап өтілгендей, биылғы жылдың алты айы бойынша алимент өндіру саласында сот орындаушылардың (мемлекеттік және жеке) қолында 230 мыңға жуық іс бар.

Соңғы жаңалықтар