Балаларға ұшақ билеттерін қалай тегін алуға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отбасылық туризмге арналған «Kids Go Free» бағдарламасының ережелері жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат qaztourism.kz сайтына сілтеме жасап.

«2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде турпакет шеңберінде саяхаттайтын 2-17 жас аралығындағы балаларға билет құнын субсидиялау бағдарламасы күшіне енді. Аталған жоба тек ел ішінде демалысқа аттанған балалардың әуе билетін тегін алуына мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Qaztourism ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда соммасы 5,2 млн теңге болатын 230 баланың билет құнын субсидиялау бойынша 118 өтінім түскен. Бағдарлама аясында сұранысқа ие бағыттар – Түркістан, Алматы және Маңғыстау. Турлардың орташа бағасы – 320 мың теңге. Ең арзан тур Алматыда 82 мың теңгеге сатылды. Ал, ең қымбат бағыт – Ақтау. Онда тур 1,2 млн теңгеге сатылған.

KOMPAS туроператорының мәліметінше, бүгінге дейін «Kids Go Free» бағдарламасымен 500-ден астам бала ұшақ билетін тегін алған.

Qaztourism мәліметі бойынша, аталған бағдарламаны Қазақстан Республикасының азаматтары ғана пайдалана алады.

Бағдарлама талаптары:

- кәмелетке толмаған балалар әуе рейсіне ата-анасы және өзге де ересек жақын туыстарымен отырғызылады;

- шара турпакет шеңберіндегі сапарларға ғана қолданылады;

- турпакет ішкі туризмде лицензиясы бар туроператордан сатып алынуы тиіс.

Аталған ережелер сақталған жағдайда, туристік жолдаманы сатып алу кезінде балалардың әуе билетінің құны алынып тасталады. Бағдарлама аясында туроператорлардың шығындары мемлекет есебінен өтеледі. Саяхат бағытында қызмет көрсететін компаниялар туристердің демалу мерзімі аяқталғаннан кейін «Kazakh Tourism» ҰК-на құжаттар әзірлеп, субсидиялау бойынша өтінім беруі тиіс.

«Белгіленген құжаттар топтамасы толық болса, ұйым 10 жұмыс күні ішінде субсидия төлеу немесе субсидия төлеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Кейін 45 жұмыс күні ішінде субсидия сомасы туроператордың көрсетілген шотына аударылады», - деп көрсетілген хабарламада.

Бұрын хабарлағанымыздай, былтыр Шарын және Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне 60 мыңға жуық турист барды.

Сондай-ақ, биыл Алматы облысы аумағындағы ұлттық парктерде 685 шақырымдық туристік маршрут жасалды.


Соңғы жаңалықтар