Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тергеу моральдік тұрғыда ауыр – тергеуші

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық полиция бөлімі әкімшілік полициясының аға инспекторы Әсел Прмағанбетованың жұмыс істеп жүргеніне 6 жыл болды. Ол үшін балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактісін тергеу моральдық тұрғыда ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы ПБ әкімшілік полициясының аға инспекторы, капитан Әсел Прмағанбетова 2015 жылы Қаржы полициясы академиясын бітірген. Кейін Сазды полиция бөлімінде тергеуші, содан кейін Ақтөбе қаласының Елек полиция бөлімінде тергеуші болып жұмыс істеді. Алғашқы жылдары-ақ ол кәмелет жасқа толмаған қызға жаныстық зорлық көрсету ісін тергеді. Бұл аса ауыр қылмыс санатына жатады.

«Алғашқы жылдары маған аса ауыр қылмыстық істі тергеу тапсырылды. Тергеу кезінде 12 жастағы қызға анасының танысы тиіскені, зорлық көрсеткені анықталды. Жасөспірім үшін мұны айту қиын. Дегенмен ол батылдық танытып, істің мән-жайын түгел түсіндірді. Анықталғандай, бұл қолайсыз отбасы. Олармен бірге тұрған ер адам өзге елдің тұрғыны. Мен сол елдегі полиция қызметкерлерін іздеп, тауып, олардан күдіктіге қажетті анықтамаларды қысқа мерзімде жіберуді сұрадым. Құжат жеткізілгенше өзім зардап шеккен қызға киімдер сатып алып, кейде өзімнің тәуір дүниемді ұсындым. Бір ай ішінде іс сотқа жіберіліп, жәбір көрсеткен ер адам бас бостандығынан айырылды», - деді аға инспекторы Әсел Прмағанбетова.

Ал 2019 жылы Ішкі істер министрлігінде тергеудің қыр-сырын үйреніп, біліктілігін арттырды. Әсіресе қазір қоғамда белең алған қаржы пирамидасына қатысты істі жүргізудің түрлі әдісін меңгерді, жүргізді. Бірнеше жол-көлік оқиғасына қатысты да тергеу жүргізді. Қазіргі уақытта әкімшілік полицияның аға инспекторы Әсел Прмағанбетова әкімшілік хаттамаларды тексеріп, дайындайды, патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу жүргізеді.

«Менің хоббиім – қару. Автоматты 19 секундта оңай бөлшектеп, қайта жинаймын. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Әлібек Көшербаев қызығушылығымды оятты. Содан кейін академияда оқып, әрдайым атыс жарыстарына қатыстым. Жұмысым өзіме ұнайды. Жұбайым Мирхан қызметіме түсіністікпен және құрметпен қарайды. Дабыл бойынша кез келген уақытта жұмыс орныма жеткізеді және барынша қолдайды», - деді Әсел Прмағанбетова.


Соңғы жаңалықтар