Балаларға гаджетті қалай қойдыруды үйретуге болады – психолог

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – «Балалар мен гаджет» проблемасы жақын уақытта пайда болды, дегенмен оған ата-аналар, ұстаздар, психологтар алаңдаулы. ҚазАқпарат тілшісі осы мәселеге қатысты жамбылдық педагог Индира Ерәлидің пікірін тыңдап көрді.

«Егер сіз балаңыздың компьютерге тәуелділігін байқасаңыз, үрейге бой алдырмаңыз, баланы үркітіп алмаңыз. Одан гаджетті алып қойып, интернетке кіруге тыйым салмаңыз және компьютердің зияны туралы дәріс оқымаңыз. Даналық танытыңыз. Оның балама жолын іздеп, балаңыздың назарын қызықты және пайдалы дүниеге аударыңыз. Ол шығармашылық жұмыс, спорт болсын. Робот техникасы, ағаштан қолөнер жасау, сурет салу, жүзу, картинг айдау, табиғатқа шығу, тамақ пісіру – кез келген дүние болуы мүмкін. Балаңыз неге қызықса, сонымен айналыссын.

Интернет кез келген ақпарат іздеуге пайдалы болғандықтан да гаджеттерге тыйым салмаған жөн. Заманауи әлемдегі бала оны да үйренуі тиіс. Ол Youtube немесе Instagram арқылы өзін дамытатын, танымдық және пайдалы нәрселер тапса, ол тіпті жақсы. Баламен гаджетті неше уақыт пайдаланатыны туралы келісіп алу керек», - дейді педагог Индира Ерәли.

Психологтар 5 жасқа дейінгі балалар күніне 5-15 минут мультфильм қарауға болатынын анықтаған.

«5-6 жасар бала 30 минутқа дейін гаджет қарай алады. Ал, мектеп оқушылары бұл уақытты 1,5 сағатқа дейін ұзарта алады. Бала өзін қадағалап, уақытын үнемдеуі керек. Балаларды үй жұмысына баулыңыз. Отбасыңызбен кітап оқыңыздар. Күн сайын әңгіме айтып, оның проблемасынан, жетістіктерінен хабардар болып отырыңыз. Оның достарын үйіңізге шақырыңыз. Баланы үйірмелерге, музыкалық мектепке, спорт секцияларына апарыңыз. Компьютердің пайдасы мен зияны туралы айтып беріңіз. Ата-аналардың өзі де үлгі көрсетіп, кітап оқуды бастауы тиіс. Салауатты және белсенді өмір салтын көрсете білу керек», - деді Индира Ерәли.

Сондай-ақ, ол гаджетсіз дәстүрлі білім беру – сәнге айналып, таңдаулы болып жатқанын алға тартты.

«Кремний алқабындағы» балалар гаджеттерді тұтынбайды, бұрынғыдай жұмыс істейтін жеке мектептерге барады. Олар гаджеттер мен компьютер сабақтарының орнына дәстүрлі балалар ойындарын ойнап, көп уақытын оқуға, сөздік қорын дамытуға, шет тілдерін үйренуге, спортқа және еңбек сабағына арнайды. Гаджетсіз дәстүрлі білім беру – элиталы болып жатыр. Тарих кезеңдеріне зер салатын болсақ, Ұлы географиялық ашылулар кезінде адамдар көп саяхаттады, жаңа жерлерге барды. Бірақ белгісіз жаққа балаларын отырғызып жіберген жоқ қой. Автомобильдер жасау дәуірінде балаларын рульге отырғызған жоқ. Ғарышты меңгерген кезде зымыранға балаларды салып, аспанға ұшырған жоқ. Бірақ, біздің ақпараттық технологиялар дамыған заманда ересектер бала дүниеге келгеннен бастап гаджеттер беру туралы шешім шығарып отыр. Ол әлі толық зерттелген жоқ қой. Бұған дейін homo sapiens болса, қазір homo digital немесе цифрлық адам өмірге келіп жатыр», - деп түйіндеді ол.

Жаңа адамның қай жолды таңдап, қалай дамитыны және XXI ғасырдағы адамзаттың қайда баратыны сіз бен бізге, ата-аналарға, ұстаздарға, ересек адамдарға байланысты.

Авторы: Галина Скрипник


Соңғы жаңалықтар