Балаларға арналған тұңғыш қазақша стриминг платформа іске қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі тұңғыш стриминг платформаның таныстырылымы өтті. ÖZINŞE деп аталатын онлайн кинотеатрда әртүрлі жастағы балаларға арналған толықметрлі анимациялық және көркем фильмдер, комикстер, мультхикаялар, телесериалдар, ситкомдар топтасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жобаның тұсаукесеріне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қатысып, платформа жұмысын мейлінше қолдайтынын білдірді. Атап айтқанда, министрлік тарапынан сервисті жаңа контентпен толтыру мәселесінде көмектесетінін жеткізді.

Сонымен қатар, шараға қатысқан Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова, «Отандастар» қорының төрағасы Абзал Сапарбекұлы, «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек, Президент жанындағы жастар кеңесінің мүшесі Олжас Сүлейменов құттықтау лебіздерінде балаларға арналған мұндай қосымшаның өзектілігін айтып, жұмысына сәттілік тіледі.

Тұсаукесерге бұдан бөлек Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов, «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов, «Balapan» арнасының директоры Қымбат Досжан, Елбасы Академиясы ҚҚ Басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, «Қазақстан КВН Одағының» төрағасы Есен Елеукен, «Біз біргеміз» ҚҚ төрайымы Перизат Қайрат сынды қоғам белсенділері мен журналистер, блогерлер қатысты.

Стриминг платформаның авторлары, балалар контентін жасаушы мамандар Мақпал Жұмабай мен Сандуғаш Баймаханқызы бұл жобаны 2020 жылдан бастап ойластырғанын айтады.

Жобаның бренд-амбассадоры Дәулет Мұқаев та тұсаукесер салтанатында әр ата-анаға балаларына аталған қосымшаны жүктеп беруге үндеді.

Оның айтуынша, ÖZINŞE тек онлайн кинотеатр ғана емес, балаларға ана тілінде сапалы, тәрбиелі контент ұсынатын сенімді алаң.

ÖZINŞE сервисі Қазақстан халқының 12%-ын (2 264 600 адам) құрайтын балалардың және шеттегі қазақ жасөспірімдердің сұранысына қызмет етеді.

Мобильді қосымшаның атауының өзі ерекше мәнге ие.

ÖZINŞE стриминг-платформасы өмірде өз қалауын еркін жасап, өз таңдауымен өмір сүруге ұмтылған бүгінгі жаңашыл жасөспірімдерге арналған.

Мобильді қосымшаны кез келген адам IOS және Android мобильді операциялық жүйелерінде еркін және тегін жүктей алады.

Бүгінде сервиске көлемі 3400 мин құрайтын мультсериалдар мен телесериалдардың лицензиялық құқықтары сатып алынып, жүктелді.

Сонымен қатар, ÖZINŞE Nickelodeon телеарнасымен және басқа да әлемдік студия өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр.

Жоба авторлары жүйенің жүйелі түрде жаңарып, толықтырылып отыратынын айтты.

Ерекше атап өтерлігі, ÖZINŞE ұжымы дайын өнімдерді сатып алудан бөлек, өзіндік жобалар өндірісін қолға алуда.

Жуырда балалар мен жасөспірімдерге арналған 2 жоба түсірілімі басталады.

Стриминг платформалардың көрермен сұранысына, қажеттігіне сай өз контентін өндіре бастауы - бүгінгі уақыттың жаңа тренді.


Соңғы жаңалықтар