Балалардың ұрланғаны туралы жалған ақпарат таратқан екі талдықорғандық ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанның екі тұрғыны мектеп оқушысын өлтіріп кеткені және балалардың ұрланғаны туралы жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамыр айының басында WhatsApp мессенджерінде белгісіз біреулер Талдықорған маңындағы көпірлердің бірінің астынан беті адам танымастай бұзылған жасөспірімнің денесі табылғаны туралы дауысты хабарлама таратқан. Ақпарат облыс орталығы мен ауылдарда тез тарап, жұрт үрейлене бастады. Осыған байланысты жергілікті полиция ауқымды тексеру ұйымдастырып, бұл ақпараттың жалған екенін анықтады.

«Талдықорған маңындағы көпірдің асты Көксу және Ескелді аудандарының аумағына қарайды. Полицейлер ол жерлерді тексерді. Нәтижесінде, облыстық Полиция департаменті халықты тыныштандыру үшін ақпараттың жалған екені туралы мәлімдеме жасады. Жалған ақпарат тарату фактісі Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 274-бабы бойынша тіркелді», - деп хабарлады Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінен.

Облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 50-ден астам адамнан жауап алып, WhatsApp-тағы ондаған топты тексерді. Осы арқылы екі күдіктіні - 33 жастағы ер адам мен 52 жастағы әйелді ұстады.

«Екі ұсталушы да Талдықорған тұрғындары. Олар бір-бірін танымайды. Әйел қаладағы базарлардың бірінде саудамен айналысса, ер адам жеке тасымалдаумен айналысады. Жауап алу кезінде екеуі де жалған ақпарат таратқандарын мойындады. Күдіктілер азаматтардан кешірім сұрады», - деп атап өтті полицияда.

Полиция жалған және сенімсіз ақпарат таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын еске салып, ресми дереккөздердің ақпараттарын басшылыққа алуға кеңес береді.

Соңғы жаңалықтар